Назарбаевтың ұзаққа созылған билігінің көлеңкелі тұсы

0

1980 жылдардан бастап Қазақстанда билікке келген Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеп, қазақстандықтар мен сырттағы бақылаушыларды таң қалдырды.

Жас кезінде болат қорытушы болып істеген бұрынғы коммунистік партия мүшесі артына «экономикалық дамумен қоса демократиялық нормаларды басып-жаншыды, тәуелсіз медиа құралдарын жаптырды, үкіметке қарсы наразылықты аяусыз басып отырды» деген ат қалдырды.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы жақында жариялаған есебінде Қазақстан билігі елде сөз, дін, жиын өткізу бостандықтарын «қатаң шектеп» отырғанын атап айтты. Ал Freedom Housе халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанды «авторитарлық режим орныққан» мемлекет деп атайды. Оның жыл сайынғы баяндамасында соңғы онжылдықта мемлекеттің демократиялық қағидасы әлсіреп, репрессиялық сипаты артып бара жатқаны айтылады.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы Қазақстанды 2018 жылы баспасөз еркіндігі бойынша 180 мемлекеттің арасынан 158-орынға қойды, ал діни бостандықты бақылайтын «Forum 18» ұйымының бағалауынша, Қазақстан «дін және сенім бостандығын шектейді». Ослода орналасқан ұйым бұл елде діни сенімі үшін сотталған адамдар саны артып келе жатқанын айтады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі тұсында журналистер, белсенділер, наразылық танытушылар, кәсіпкерлер мен саясаткерлер және өзге де бірқатар тұлғалар қамалды, сотталды, енді біразы жұмбақ жағдайда қаза тапты (көбінің ажалына себеп болғандар ұсталмады), құқық қорғаушылар бұл істердің астарында саяси себеп бар деседі.

Қарашада «Open Dialogue Foundation» ұйымы Қазақстанда кем дегенде 40 шақты адамның саяси тұтқын екенін немесе бостандығы шектелгенін, көбі – блогерлер екенін мәлімдеді.

ЖОҒАЛҒАНДАР МЕН ҚАЗА БОЛҒАНДАР

Нұрсұлтан Назарбаев билікке келген 1989 жылдан бері Қазақстанда кенеттен жоғалып кеткендер мен құпия жағдайда қаза тапқандардың біразын атай кетейік.

Нури Муфтах.

Нури Муфтах.

66 жастағы танымал журналист Нури Муфтахты 2002 жылы Тараздан Алматыға келе жатып жолда тоқтаған кезде автобус қағып кетті.

Адам құқығы мәселелеріне маманданған, оппозициялық Eurasia газетінің баспагері Алексей Пугаев 2002 жылы Алматының ортасында жол апатынан көз жұмды.

Асхат Шәріпжанов.

Асхат Шәріпжанов.

40 жастағы танымал тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов сол кездегі Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Мерхат Шәріпжановтің інісі. 2004 жылы шілдеде Алматының ортасында бас сүйегінен жарақат алып, қансырап, ессіз жатқан күйі табылды.

Бірнеше күннен кейін журналист ауруханада дүние салды. Полицияның дерегі бойынша, оны көлік қаққан, бірақ достары мен әріптестерінің айтуынша, көлік қағар алдында басынан әдейілеп ұрған. Дүние салардан бірнеше күн бұрын Шәріпжанов зерттеу жұмысының бір бөлігі ретінде оппозиция жетекшілері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтен сұхбат алған. Оның сол зерттеу жұмысы да, журналистен кейін опат болған екі саясаткерден алған сұхбаты да табылмады.

«Талап» газетінің бас редакторы Юрий Баевты 2004 жылы Орал қаласында көлік қағып, көз жұмды. Ол «Қазақгейт» деген атаумен танымал болған мұнай дауына қатысты істі зерттеп, мақала жазып жүрген болатын.

Қазақстандағы ірі банктердің бірі «БанкТұранӘлем» басшысы 37 жастағы Ержан Тәтішев 2004 жылы желтоқсанда қасқыр аулап жүріп опат болды. Мұны да кездейсоқ қаза деп атады. Бірақ кей саясаткерлер оның ажалы адам қолынан болуы мүмкін екенін айтады. 2018 жылы қарашада Қазақстан билігі БТА банктің бұрынғы басшысы, қазір қуғында жүрген Мұхтар Әблязовті «Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген» деп айыптап, сырттай соттады.

Батырхан Дәрімбет.

Батырхан Дәрімбет.

Оппозициялық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси кеңесінің мүшесі, Азаттықтың Қазақ қызметінің бұрынғы тілшісі және оппозициялық «Азат» газетінің басшысы болған 54 жастағы Батырхан Дәрімбет 2005 жылы Жамбыл облысында автокөлік апатынан соң алты күннен кейін дүние салды.

Қазақстан үкіметінде министр болған, Алматы қаласы әкімі қызметін атқарған, 2004 жылы оппозицияға қосылған, президент Назарбаевты сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптаған 60 жастағы Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы Алматыдағы үйінде өлі табылды. Бұл кезде президенттік сайлауға үш апта қалған. Нұрқаділов жоғары деңгейдегі жемқорлықты әшкерелейтін құжаттары бар екенін айтқан еді. Оны кеудесінен екі рет, басынан бір рет атқан. Ресми тергеу қорытындысында Нұрқаділов өзін өзі атып өлген делінді.

Қазақстандағы НТК арнасында жаңалық модераторы болған 23 жастағы Анастасия Новикова 2004 жылы Бейрутта белгісіз жағдайда қаза тапты. Деректер бойынша, Новикова Назарбаевтың күйеубаласы Рахат Әлиевтің көңілдесі болған, Бейрутқа босану үшін барған. Новикованың достары мен туыстары «Новикова үшін әділдік» атты топ құрып, оның ажалына Әлиевті айыптады.

Оппозициялық белсенді Елена Никитинаның қызы 14 жастағы Оксана Никитина 2005 жылы қазанда Алматыда жоғалып кетіп, бір аптадан соң өлі табылды. Президенттікке үміткер оппозиционер Жармахан Тұяқбайды қолдайтын топ басшысының орынбасары болған Елена Никитинаны полиция бірнеше рет шақырып, қысымға алған болатын, олар «Әділетті Қазақстан» партиясы туралы деректер сұраған.

Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі, ақпарат министрі болған 44 жастағы Алтынбек Сәрсенбайұлы кейін оппозициялық «Нағыз Ақжол» партиясының тең төрағасы болды, Назарбаевқа саяси қарсылас ретінде танылды. 2006 жылы ақпанның 11-і күні Сәрсенбайұлы, оның ресми өкілі Бауыржан Байбосын мен көлік жүргізуші Василий Журавлев жоғалып кетті. Олар екі күннен соң Алматының шетінен өлі табылды, қолдарын артқа қайыра байлап, бастарынан атқан екен.

37 жастағы блогер Сәкен Таужанов интернетте Назарбаевты сынаған мақалаларымен танымал болды. Ол kub.kz сайтына соңғы рет жариялаған мақаласында Қазақстан басшыларын Шрек мультфильміндегі кейіпкердің ерлігімен салыстырды. 2007 жылы, мақала жазылғаннан кейін бес күн өткенде Алматыда көшеден өтіп келе жатқан Таужановты жүк көлігі қағып кетті. Полиция оны әдеттегі жол-көлік апатынан көз жұмды деп мәлімдеді.

39 жастағы Оралғайша Омаршанова «Құқық және әділдік» атты апта сайын қазақ және орыс тілдерінде шығатын газеттің тілшісі болатын. Қазақстанның оңтүстігіндегі шешендер мен қазақтар арасындағы этникалық қақтығысты зерттеген мақаласынан соң 2007 жылы наурызда жоғалып кетті. Омаршанова қақтығыстың саяси астарын зерттеген болатын. 12 жыл өтсе де ол туралы еш дерек жоқ.

Рахат Әлиев.

Рахат Әлиев.

Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, 52 жастағы Рахат Әлиев 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінен асылған күйі табылды. Бірнеше күннен соң ол Қазақстандағы банк жетекшілерінің өліміне қатысты түсінік беруі керек еді. Әлиев Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаға үйленген. 2007 жылы Назарбаевқа қарсы шыққан соң оны күштеп ажырастырды. Әлиев бірнеше жыл бойы қайын атасының жақын одақтасы болды, бірқатар жоғары лауазымды қызметтер атқарды. 2007 жылы Назарбаевты көпшілік алдында сынап, келесі президенттік сайлауға түсетіні туралы айтқан соң президенттің қаһарына ұшырады.

Әлиевтің әкесі де ұлы сияқты 2007 жылы Еуропаға қашқан болатын. Ұлы түрмеде өлерден бір ай бұрын Қазақстанда белгісіз жағдайда көз жұмды. Вена коронері Рахат Әлиевтің ажалын өзіне қол салу деп хабарласа да, халықаралық сот-медицина сарапшысы асар алдында оны тұншықтырған деген қорытынды жасады.

«Нұрбанктің» вице-президенті мен төрағасы Жолдас Темірәлиев пен банк менеджері Айбар Хасенов 2007 жылдың басында Алматыда жоғалып кетті. Бірнеше жылдан соң олардың сүйегі қоқыстағы темір күбіден табылды. Екеуін әбден азаптап өлтірген екен. Темірәлиев пен «Нұрбанктің» тағы бір қызметкері өздерін Рахат Әлиев ұрлап әкетіп, 24 сағат бойы қамауда ұстап, Алматыдағы банктің ғимаратын Әлиевке сатуға мәжбүрлегенін айтқан соң бірнеше аптадан кейін жоғалды. Кейін Әлиевті қазақстандық шенеуніктер банкирлер ажалына тікелей қатысы бар деп айыптады. Бірақ австралиялық шенеуніктер оны экстрадиция жасаудан бас тартты.

Жаңаөзен қаласында әуеге көтерілген түтін. 16 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласында әуеге көтерілген түтін. 16 желтоқсан 2011 жыл.

ЖАҢАӨЗЕН ҚЫРҒЫНЫ

2011 жылы желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында жалақыны көтеруді талап еткен мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атып, кемінде 17 адам қаза тапты. Шерушілер полицияның атқан оғынан ондаған адам құрбан болған десе, билік өкілдері қаза тапқандар саны одан аз екенін айтады.

ҚАМАЛҒАНДАР, ҚУҒЫНДАЛҒАНДАР МЕН СОТТАЛҒАНДАР

Назарбаевтың билігі кезінде ондаған жоғары лауазымды шенеуніктер, кәсіпкерлер, журналистер мен белсенділер ұсталды, қамалды және қудаланды, біразы елден қашып кетті.

Мұхтар Әблязов.

Мұхтар Әблязов.

Мұхтар Әблязов — БТА банктің бұрынғы төрағасы, Қазақстанның энергетика, өнеркәсіп және сауда министрі болды, кейін оппозициялық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалады. Ол 2009 жылы Ұлыбританияға қашты, сол жақтан саяси баспана алды. Оны БТА банктен миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыптады, Қазақстанның өтінішімен француз шенеуніктері қамауға алып, үш жыл абақтыда ұстады.

Әблязовтің бұрынғы қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Павловты Қазақстанның сұрауымен Испанияда ұстап, бір жыл қамауда ұстады. Оны терроризм мен ақшаны ысырап етті деп айыптады, ол да экстрадициямен күресті.

Әкежан Қажыгелдин.

Әкежан Қажыгелдин.

Әкежан Қажыгелдин 1994 жылдан 1997 жылға дейін премьер-министр болды. 1997 жылы президенттің автократиялық билігін сынап, қызметінен кетті. Қажыгелдинге 1999 жылғы президенттік сайлауға қатысуға рұқсат етпеді. Кейін оны Назарбаевқа қарсы төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп айыптады.

Ол 1999 жылы батысқа қашты, қазір Лондонда тұрады. Назарбаев қызметтен кететіні туралы мәлімдеген соң Қажыгелдин Азаттық пен «Америка дауысының» бірлескен жобасы «Настоящее время» тілшісіне Қазақстанда әділетті әрі еркін президенттік сайлау өтсе оған қатысатынын мәлімдеді.

Мұхтар Жәкішев кәсіпкер, уран алыбы «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының жетекшісі болды. 2001 жылы ол Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2002 жылы қайтадан «Қазатомөнеркәсібі» компаниясына оралды, бірақ 2009 жылы ақшаны ысырап етті деген айыппен қызметтен алынып, қамауға алынды. Сарапшылардың көбі бұл істің саяси астары бар деп санайды. Мұхтар Жәкішев 2010 жылы 14 жылға сотталды.

Еуразия инвестиция-кәсіпкерлік тобының бұрынғы төрайымы Татьяна Параскевич Әблязовпен әріптес болғаны үшін қудаланды, ол 2012 жылы Батысқа қашып, Чех Республикасына барды. Қазақстанға экстрадиция жасаумен күресіп, екі жылдай қамауда болды. Қазақстан билігі оны ақша жымқырды деп айыптайды.

Ғалымжан Жақиянов.

Ғалымжан Жақиянов.

Бұрынғы облыс әкімі, кәсіпкер және оппозиция жетекшісі Ғалымжан Жақиянов 2002 жылы қызметтік лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен түрмеге қамалды. Халықаралық құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп атады. 2006 жылы түрмеден босап шықты. Кейін ол АҚШ-қа қоныс аударды.

Журналист әрі саясаткер Владимир Козлов 2005 жылы «Алға» партиясын құрды. Ол 2011 жылы президенттікке үміткер болды, бірақ шенеуніктер тіркеуден өткізбеді. 2012 жылы Козловты әлеуметтік алауыздық қоздырды деп айыптап (Жаңаөзендегі мұнайшыларды қолдағаны үшін), 7,5 жылға соттады. Козлов 2016 жылы бостандыққа шықты.

Мұратбек Кетебаев Қазақстанның экономика министрінің орынбасары, кейін «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі болды. 2010 жылы «Республика» тәуелсіз басылымына қарсы қысымнан соң (Назарбаев үкіметіндегі тамыр-таныстық пен жемқорлықты әшкерелеген мақаласы жарияланды) ол елден қашып кетті. Оны теракт жасамақ болды деп айыптады. Қазір Кетебаев Польшада тұрады, сол жақтан саяси баспана алды.

Azattyq