Назарбаевтың Металлург күнімен құттықтаған хабарламасы жарияланды

0

Қазақстандық ресми басылымдар жексенбі, 21 шілдеде елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық металлургтарды кәсіби мерекесімен құттықтаған хабарламасын жариялады. Хабарлама мәтіні бірінші президенттің ресми сайты elbasy.kz-те сол күні жарық көрді.

Құттықтау хабарламасында президент кезінде өзіне «маңызды өмірлік тәжірибе берген, қайратын шыңдаған және сенімді достар табуға септігін тигізген» металлург кәсібін таңдағанын «мақтан ететінін» жазған. Металлургтер мен осы сала ардагерлеріне арналған телеграмма «зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, туған-туысқандарыңызға бақ-береке тілеймін» деп аяқталады.

Бұл — 6 шілдеден бергі бірінші президенттің ресми сайты жариялаған алғашқы хабарлама. Оның алдында 29 маусымда Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратына барып, партия төрағасының бірінші орынбасарын таныстырғаны жайлы хабарлама шыққан еді. Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары соңғы уақытта бірінші президенттің көрінбей кеткенін жазған.

Бұрынғы металлург, коммунистік партиясының өкілі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан билігіне совет одағы тарамай жатып келген және елді 30 жылға жуық басқарған. Биыл наурыз айында отставкаға кететінінін мәлімдеген кезде көп адамдар және бірқатар сарапшылар мұны «күтпеген оқиға» ретінде бағалады. Президент қызметінен кеткеніне қарамастан билікте ықпалын сақтап қалды. Өкілеті жоғарылаған Қауіпсіздік қызметін басқаратын Назарбаев — «Нұр Отан» партиясының төрағасы. Жақында парламент спикері, үлкен қызы Дариға Назарбаева оған «құрметті сенатор» атағын берген.

6 шілде күні елде астана күні және бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қатар аталып өтіп жатқанда елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтті.

Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен саяси жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. Мыңдаған адам қатысқан бейбіт митингіде полиция жаппай адамдарды ұстап, кейбірі әкімшілік жазаға тартылды, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жүздеген адам айыппұл салынып, қамалды.

Azattyq