Назарбаевтың кенже қызы Абай атындағы мектепте сый жасады – фото
Қысқа сілтеме алу
Әлия Назарбаева астаналық мектепке 15 миллион теңгенің кабинетін сыйға тартты
НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин елордада Абай Құнанбаев атындағы № 87 мектеп-гимназиясын ашты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Білім күнінде ашылған жаңа мектеп Амангелді Иманов пен Евгений Брусиловский көшелерінің қиылысында орналасқан. Білім ошағы 900 оқушыға шақталған.
«Сіздерді білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мектепке қазақ халқының ұлы тұлғасы, ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың есімі беріліп отыр», — деді үкімет басшысы жаңа мектептің ашылу салтанатында.
©
Sputnik / Владислав Воднев
Абай атындағы мектептің ашылу салтанаты
Мамин келесі жылы Абайдың туғанына 175 жыл толатынын атап өтіп, білім ордасына ерекше сый жасады.
«Қазіргі заманда адам өмір бойы білім алуы керек. Сіздердің білім деңгейлеріңіз заман сұранысына сай және бәсекеге қабілетті болуы қажет. Біз сіздерге сенім артамыз. Сондықтан мектептің ашылуына орай арнайы сыйлық әзірленді.»Қоғамдық маңызы бар бастамалар» қоры атынан заманауи компьютерлермен және 3D интерактивті технологиялармен жабдықталған қоршаған ортаны танып-білу кабинетін сыйға тартамыз», — деді премьер-министр.
Ол «СарыарқаАвтопром» зауыты оқушыларға әлемдік стандарттарға сай мектеп автобусын сыйға тартқанын жеткізді.
©
Sputnik / Владислав Воднев
Үкімет басшысы Асқар Мамин
Елордадағы мектептің ашылу рәсіміне, сондай-ақ, экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумының төрайымы Әлия Назарбаева, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қатысты.
Олар Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ашылған «Абайтану» кабинеті мен мектеп мұражайын аралады.
Әнуар Жанғозин жаңа мектеп 900 балаға шақталғанын атап өтіп, мұндағы оқушылар қаладағы үш ауысымды №16 және №5 білім ордаларынан ауысқанын айтты. Абай атындағы №87 мектеп қазақ тілінде білім береді.
Дәурен Ерболат
Әлия Назарбаеваның қоры сыйға тартқан кабинет
Ал STEM академиясының ғылыми зерттеулер бойынша директоры Мағжан Қыстаубаев Әлия Назарбаеваның қоры №87 мектепке қандай сыйлық жасағанын айтты. Қор мектепке 15 миллион теңгенің кабинетін сыйға тартқан.
«Бұл кабинетте оқушылар барлығын виртуалды түрде көреді. Мәселен, физика, химиядан эксперимент жасасаң, мұндағы компьютерлердің көмегімен барлығын анық көруге болады. Тіпті, адам ағзасын көруге мүмкіндік бар. Бұл кабинетті жөндеуге, мұндағы құрал-жабдықтарға 15 миллион теңге жұмсалды. Кабинетте 10 ноутбук, интерактивті панель бар. Ноутбуктар Америкадан әкелінді. Әрбіреуінің құны – 1,5 миллион теңге. Қаржыны Әлия Назарбаеваның қоры бөлді», — деді Қыстаубаев.
sputniknews.kz