Назарбаевтың ең басты қателігі неде?

0

Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, өзімізге «Мемлекетке байлық керек пе?» деген сұрақты қоюмыз қажет.

Иә, әлемде «бай мемлекет», «кедей мемлекет» деген түсінік қалыптасқан. Ол, әрине, көптеген критерийлер арқылы анықталады.

Оған табиғи ресурстар мен экономика, технология, әскери қуат, ғылым-білім, мәдениет, дәстүр жатады.

Бірақ, бұл жерде «Осы байлық кім үшін, не үшін мемлекетке қажет?» деген тағы бір сұрақ туындайды.

Оған бір ғана жауап бар, ол — «Мемлекеттің байлығы осы мемлекетті құрып отырған халық үшін қажет» деген…

Себебі, Мемлекет дегеніміз, кең мағынасында, сол байлықты халықтың игілігіне жарату тетігі, не, құралы ғана!

Сондықтан, мемлекетті «бай-кедей» деп атағанда, міндетті түрде оның халқының байлығы мен соған сай мемлекеттің қуаттылығы ойда тұрады.

Сол себептен де, кез келген Халық өзінің барлық байлығын Мемлекет әлеуетін арттыруға, және, сол арқылы өзінің (халықтың) бай әрі бақуатты өмір сүруін қамтамасыз етуге жұмылдырады.

Бұл — Мемлекеттің де, ондағы өмір сүріп жатқан Халықтың да өмір сүруінің (дамуының) жеке-дара Шарты, басқаша айтсақ — басты мақсаты болып табылады.

Бұл «мемлекеттік басқару принциптері» арқылы жүзеге асады.

Ал, егер, осы аталған «басқару принциптері», яғни, «Билік принциптері» мемлекет байлығын «халықтың байлығы» деп емес, тек қана «мемлекет байлығы» деп санайтын болса, онда, міндетті түрде. барлық байлық тек «мемлекет байлығы» болып шығады да, ол байлық Халықтың емес, «мемлекет» атты құралды қолына ұстаған биліктің, не болмаса, олар құрған кландық топтардың, өзге де жоғарымен байланысы бар алаяқтардың «байлығы» болып шыға келеді…

Ал, осы жолмен пайда болған кландар мен олигархиялық топтар «мемлекет байлығын» өздерінің «жеке байлығына» айналдыру үшін қоғамда (қоғам — халықтың өмір сүру формасы) коррупцияны, сыбайластықты, жемқорлықты, заңсыздықты, неше түрлі азғындықты туындатады…

Халықты лай судағы соқыр балыққа айналдырады.

Міне, жоғарыдағы басты сұраққа жауап беру үшін, осы мәселелерді анықтап алу керек екені осыдан көрінеді.

Бұдан көретініміз, Назарбаев жүйесінің (Назарбаевтың да) ең басты қателігі деп «Мемлекет байлығы» деген түсініктің мазмұнынан ХАЛЫҚ деген атрибутты сызып тастағанында болып отыр» дер едік!

Нәтижесінде — мемлекет өз алдына, халық өз алдына өмір сүруші субъектілерге айналды да, «Мемлекет» аздаған топтың «құралы» болып шыға келді…

Ең өкініштісі, сол «аздаған топ» өздерінің тек осы мемлекетте ғана бай болып өмір сүре алатынын түсіне алмайтындай деңгейде қалғаны еді.

Ол кландық топтар — «байлықты тек байлық» деп түсінді…

Сол себептен, олар мемлекетшілдіктен аулақ болды….

Олар БАЙЛЫҚТЫ ТЕК МЕМЛЕКЕТ ПЕН ХАЛЫҚ АРҚЫЛЫ ҚОРҒАУҒА БОЛАТЫНЫН ұқпады, ұға алмады!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz