Назарбаевтың денсаулығына қатысты таралған ақпарат жоққа шығарылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның тұңғыш президенті баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты таралған қауесеттер жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ондай да болады: Назарбаев отставкадан кейін президенттікке қайта оралғандар туралы айтты

«Кеше Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар өңір әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті. Осы орайда бірінші кезекте, төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерінің талқылануы қалыпты жағдай. Қатаң карантиндік талаптар аясында Елбасының жұмыс кабинетіне кіру тұрғысында да шектеу бар екенін түсіну керек. Алайда шектеуге қарамастан, баспасөз қызметі Тұңғыш Президенттің қызметі туралы халықты дер кезінде ақпараттандыруға тырысуда.

Дегенмен соңғы кездері жекелеген адамдар елдегі жағдайды тұрақсыздандыру бойынша белсенді әрекеттер жасауда. Оның ішінде Елбасының денсаулығына қатысты шындыққа жанаспайтын қауесет таратуға тырысуда. Осының барлығы — арандату мен жалған ақпарат», — деді Айдос Үкібай.

Елбасының баспасөз хатшысы тұңғыш президенттің жағдайы жақсы екенін, ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарын жалғастырып жатқандығын алға тартты. 

«Егер де біреудің күмәні болса, кеше Елбасы сөйлескен әкімдердің кез келгенінен сұрасын. Енгізілген шектеулердің барлығы тоқтаған кезде, Тұңғыш Президенттің қатысуымен өткен жұмыс кездесулері немесе кеңестерден видеожазбаны жеке өзім жасауға уәде етемін», — деді Айдос Үкібай.

 

stan.kz