Назарбаевтың аты Конституциядан өшірілмек. Билік басты заңды неге жедел өзгертіп жатыр?

0
5923
Екінші президенттің ұсынысымен тағы өзгеріп жатқан негізгі заңнан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы сөздің бәрі алып тасталатын сияқты, деп хабарлайды azattyq порталы.
Ресми билік өкілдері мен депутаттардың сөз ауанынан соны байқауға болады. Парламент өзгерістерді референдумға шығаруға тосқауыл болатын соңғы техникалық кедергіні алып тастады.
ЕКІ КҮНДЕ ӨЗГЕРГЕН РЕФЕРЕНДУМ ЗАҢЫ
5 мамырда Қазақстан парламенті «Республикалық референдум туралы» заңға өзгерістерді мақұлдады. Таңертең заң жобасын сенат қарады. Сенатор Андрей Лукиннің ұсынысымен депутаттар «елбасының» мәртебесі референдумға салынбайды деген бапты өзгерту мәселесінде дауыс берді.
— Референдумда қаралуға жатпайтын мәселелер тізімінен тұңғыш президент мәртебесі мәселесі алып тасталды, — деді сенатор Ләззат Сүлеймен. Бұрын Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болған ол 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен депутат мандатын алған еді.
Түстен кейін бұл өзгерістерді парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс те мақұлдады. Бір қызығы олар дәл осы заң жобасын қарастырып, ондағы техникалық детальдарға ғана мән беріп, сенатқа жөнелткен еді. «Елбасы» мәртебесін референдумға шығаруға кедергі жасайтын техникалық кедергіні сенат депутаттары байқаған.
Бейсенбі күні кешкісін президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум туралы заңға қол қойды. Өткен аптада ол Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі республикалық референдумға шығарылады деген еді.
НАЗАРБАЕВ ЖАЗҒАН КОНСТИТУЦИЯДАН ОНЫҢ ӨЗІ ТУРАЛЫ БАПТАРДЫ ҚАЛАЙ АЛЫП ТАСТАДЫ?
Конституцияны президент Тоқаев өзгерткізіп жатыр. Ол 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң оның қолынан президент қызметін алған еді. Көп сарапшылардың пікірінше, Назарбаев осы жылдың басына дейін биліктің көп тетігін қолында ұстап келді, ал Тоқаев «елбасының» көлеңкесіндегі «жартылай президент» болды. Жағдай Қаңтар оқиғасынан соң күрт өзгерді. Ел тарихындағы ең ірі көтерілістің соңы жаппай тәртіпсіздік пен қырғынға ұласып, кемі 238 адам көз жұмды. Көтеріліс болып жатқан тұста Назарбаев өзі өмір бойы басқару құқығын иеленетін конституциялық орган – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Кеңес тізгіні Тоқаевқа өтті, ал парламент кейінірек Назарбаевты оған өмір бойы төраға болу құқығынан айырды, бұған қоса президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын онымен ақылдасып отырады деген бапты да алып тастады.
Наурызда халыққа жолдау арнаған президент Тоқаев негізгі заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Ол 1995 жылғы күшін жойған Конституциялық сотты қалпына келтіруді, президент еш партияның құрамында болмауы тиіс деген норманы енгізуді ұсынды.
Әсіресе бірінші президенттің «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы мәртебесі сол қалпы қалады» деген пікірге жұрттың ерекше назары ауды.
Қазір Конституцияның бірнеше бабында бірінші президент туралы айтылады. Мәселен, 42-бапта «бір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды» деген ереже бірінші президентке қолданылмайтыны айтылады (бұл бап басты заңға 2007 жылы енгізілген). Ал 46-бапта тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеті Конституция мен конституциялық заңда анықталады деп жазылған. 91-бапта «тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп жазылған.
Конституцияға өзгерістерді қарастырған жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, 42 және 46-баптардағы тұңғыш президент туралы баптарды алып тастап, 91-бапты қалдыру жоспарда болған еді.
Алайда, көп адам бұл мәртебені сақтап қалуға қарсы шықты, интернетте тіпті оны алып тастау жөнінде петиция шығып, оны ондаған мың адам қолдады.
«РӨЛІ БӘРІНЕ БЕЛГІЛІ», «БАРЛЫҚ ПІКІР ЕСКЕРІЛДІ»
4 мамырда Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін жазбайтындарын айтты. Қариннің сөзінше, жұмыс тобы «Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне белгілі, сондықтан оны конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ» деген.
Ертесінде сенат төрағасы, Тоқаев әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Мәулен Әшімбаев халық Конституцияда «тұңғыш президентке арналған бап болмауы керек» деп «белсенді түрде пікір» айтқанын, «ел азаматтарының қалауы» ескерілгенін айтты.
5 мамырда әділет министрі Қанат Мусин президент Тоқаев Конституциялық кеңеске қайырылып, негізгі заңның 91-бабының 2-тармағын қайта жазуды, ондағы «елбасы», Қазақстанның «негізін қалаушы» мәртебелерін алып тастауды ұсынғанын айтты.
Алайда, Конституциялық кеңестің сайтында жарияланған соңғы қорытындыда бұрынғы президенттің мәртебесі туралы мүлде ештеңе айтылмайды. Жеті беттен тұратын қорытындыда Тоқаевтың 22 сәуірдегі және 4 мамырдағы өтініштері қаралып, ұсыныстардың барлығы Конституцияға сәйкес деген тұжырым жасалғаны айтылады. Президенттің ұсынысын қарауға Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәмимен қоса мүшелері Асхат Дауылбаев, Виктор Малиновский, Иоган Меркель, Рахмет Мұқашев, Әлібек Темірбеков, Үнзила Шапақ қатысқан. Ал кеңестің өмір бойғы мүшесі Нұрсұлтан Назарбаев бұл отырысқа қатыспаған тәрізді. Өйткені қорытындыда оның есімі аталмайды.
Назарбаев ұзақ үзілістен соң тек 19 сәуірде бір рет жұрт алдына шықты, оның өзінде тек экс-президенттің фотолары жарияланды. Назарбаев баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол тұңғыш президент музейіне барып, балалар жұмыстарының көрмесіне қатысқан. Қаңтар оқиғаларынан кейін ол бірде-бір оффлайн шараға қатыспаған. Ол соңғы айлардағы туыстарының қызметтен кетуі, ұсталуы, ақша жымқырды деп айыпталуы сияқты жайттар бойынша еш пікір айтпаған.
Сәуір айының соңында Тоқаев әкімшілігінің бұрынғы басшысы, қазіргі мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Конституцияға өзгеріс енгізілген жағдайда тұңғыш президент туралы конституциялық заң да күшін жояды деген. Ол заң экс-президент пен оның отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан қорғайды, мүлкі мен активтерінің сақталуына кепілдік береді, оның кеңсесін бюджеттен қаржыландыру ісінде артықшылық береді. 2019 жылдың наурызынан бері ол кеңсені қаржыландыруға 9 миллиард теңгедей жұмсалған.
Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум 5 маусымда өтеді. Ақорданың баспасөз қызметі 5 мамырда президенттің бұл жөнінде жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Өзгеріс қабылданған жағдайда Қазақстанды отыз жылдай басқарып, жеке басқа табыну культін қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаев «қарапайым зейнеткерге» айналуы мүмкін (Қаңтар оқиғаларынан кейінгі телеүндеуінде ол өзін дәл осылай атаған еді).