Назарбаевтың аккордеон сатып алатын ақшасын ұрлап кетті – Президент курстасы
Фото: Автор
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың студенттік өмірі қалай өтті? Дипломдық жұмысының тақырыбы қандай болды және оның болашағын дөп басып болжаған қай ұстазы? Оның ақшасын ұрлаған кім және оған қандай жаза қолданылды? Елбасы туралы достары қандай кітаптар жазған? Мемлекет басшысының курстасы Тельман Спаев студент кездеріндегі осы және басқа да қызықты оқиғаларды айтты.
Білетін-білмейтінге де кімнің курстасы екенін жария айта бермейтін Тельман Спаевтың телефонын табу біршама уақыт алғанымен, сұхбатқа келісу қиынға соқпады. Әр жылы 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні жақындағанда тілшілердің іздей бастайтынына әбден үйренсе керек: хабарласқанымда: «Мына мекенжайда тұрамын, үйдемін ғой, келе бер» деді.
Тұратын жері – Шымкенттің кезінде дүрілдеген бөлігі – бұрынғы Қорғасын зауытының маңында екен. Зеренді көшесімен бойлай отырып, айтқан нөмірдегі үйдің тұсына жеткенімде қақпа алдынан күтіп алды. Өткен жаздың 5 тамызында 80 жасқа толыпты. Ол туралы үйіне кірген соң Нұрсұлтан Назарбаевтың жазған құттықтау хатын көрсеткенде білдім.
– Он жылдықты бітіргеннен кейін Қорғасын зауытына жұмысқа кірдім. Алғашында шәкірт, кейін агломератшы болдым. 1958 жылы жұмыстан шығып, жатақханаға келе жатқанымда, «Қазақстан жастарын Қазақстан Магниткасына жұмыс істеуге шақырамыз» деген хабарландыруды көрдім. Дипломым жоқ. 10 сыныптық қана білімім бар. Содан №3 училищеге барып, Магниткаға жұмыс істеуге жазылдым. Алдымен оқуға жібереді екен. 1958 жылы 26 қазанда 35 жігіт Украинаға жолға шықтық. Алматы-Мәскеу пойызына мініп, Мәскеуге жетіп, әрмен қарай Украинаның Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеге келдік. Бізді домна пешінің горновойлары, краншылар және қыздыру пешінің слесарьлары деген үш топқа бөлді. Адам аз болғандықтан тағы да шақыртты. Оңтүстік облыстардан, Қарағандыдан жігіттер келді. Нұрсұлтанмен сол кезде алғаш таныстым, – деп оның домна пешінің горновойы тобына қалай келгенін айтты.
«Сіз қай топта оқисыз?»
Тельман Спаев барғаннан кейін жігіттерді өзі оқитын топқа үгіттейді. Барған жігіттердің ешқайсысы да доменщиктің не істейтінін түсініп кетпесе де, бір-бірінен сұрайды. Тельман сұрағандарға бұл жұмыстың жақсы, айлығы жоғары екенін ғана айтыпты.
– Біз барған соң екі аптадан кейін Қазақстаннан тағы 33 жігіт келді. Олармен әлі таныспағанбыз.
Бір күні кітапхананың алдында тұрсам, асханадан шығып келе жатқан бір орта бойлы, шымыр денелі аққұба жігіт жаныма келіп: «Аға, сіз қай топта оқисыз?» деп сұрады. Доменшілер тобында оқитынымда айттым. Ол шашын артқа қайыра түзеп: «Мен сіздің тобыңызға жазыламын» деді. «Атың кім?». «Нұрсұлтан». «Фамилияң?». «Назарбаев». Сосын ол өзінің Алматыдан екенін айтып, жанында бірге келген Мақсұт, Сейітхан, Марат есімді жігіттермен таныстырды. Танысқанан кейін оларды тобымыздың өндірістік оқыту шебері Дмитрий Изотович Погореловқа апардым. Ол жігіттерді біздің топқа жазды.
Домна пешінің горновойы кәсібіне оқу мерзімі – 1,5 жыл. Яғни 18 ай. Аптаның үш күні теориялық оқумен, қалған үш күні Днепр металлургиялық зауытында өндірістік іс-тәжірибемен өтеді. Мені училищедегі комсомол комитетінің бюро мүшесі етіп сайлады. Оңтүстіктен барған жігіттер көп болғандықтан шығар, Рыспанбек Төлендиев топтың старостасы болды. Оның кандидатурасын Жұман Балмұрзаев ұсынды. Рыспанбек өзі боксшы әрі шахматшы еді. Дмитрий Изотович те қарсылық білдірмеді. Ал Доғабай Есбаевты топтың комсомолы болуға мен ұсындым. Оралдан барған Қабидолла Сәрекенов ұйымдастыру студенттік топтың профоргі болды. Нұрсұлтан Назарбаевты «Горновой» газетінің редакторы еттік. Сөйтіп, алғашқы тоқсан аяқталуға таяғанда, Погорелов: «Рыспанбектің оқуы онша болмай жатыр. Оның орнына Нұрсұлтанды староста етіп қояйық» деді. Рыспанбек әрі боксқа қатысады, әрі шахмат ойнайды. Сабаққа онша үлгермей жататын. 15 қаңтарда бірінші тоқсан аяқталып, Нұрсұлтанды старосты қылдық, – дейді Тельман ата.
«Нұрсұлтанның көрген түсі»
Домна пешінің горновойы кәсібіне оқытатын топ «29-топ» деп аталған. Өте ұйымшыл, достығы берік топ болыпты.
– Тобымызда 21 жігіт оқыдық. Жатақханада 21 жігіт екі бөлмеге бөлініп, жаттық. Біздің бөлме ең үлкені еді. 12 жігіт жаттық. Старостамыз Нұрсұлтан сабақты өте жақсы оқитын. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. Мен 1958 жылы комсомол комитетінің бюро мүшесі болғанымды айттым ғой. Ал 1959 жылы Нұрсұлтан болды. Жыл сайын бюро құрамы 30 процентке жаңарып отыратын. Нұрсұлтан түрлі әзіл әңгімелер айтып, күлдіре білетін. Бөлмеге жиналып, ән айтамыз. Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінен бастап, Әбілахат Еспаевтың «Қайдасыңдар, достарым» әнін шырқап, орысша, украинша әндерге өтеміз. «Матрос с «Кометы» фильміндегі «Черное море мое» әнін жиі айтатын едік. Әнмен қатар әңгіме туады. Сондай кештердің бірінде Нұрсұлтан «Сендерге әңгіме айтып берейін» деді. Оның әңгімесі қыран-топан күлкіге қалдыратынын білеміз. Құлағымызды тоса қалдық. «Кешегі демалыста Днепропетровскіге бардым. Бір қызбен таныстым. Кешке дейін қаланы араладық. Сосын ол қыз мені үйіне шай ішуге шақырды. Үйіне кірген соң, бөлмеде жұмсақ кереует тұрғанын көрдім. Қыз маған «Кереуетке отыра бер, мен қазір шай қойып келейін» деп асүйге шығып кетті. Ал мен елегізіп «Қазір біреу-міреу келіп, ұрып-соғып, ақшамды тартып алса, қайтемін» деп отырмын. Басыма түрлі жаман ойлар келді. Бір сыбдыр естігендей болдым. Кереует астынан шығып жатқан дауысқа ұқсайды. Сөйтіп, еңкейіп кереует астына үңілсем, екі көзі бақырайып біреу жатыр екен. Жан дауысым шығып, орнымнан атып тұрып, есіктен шыға сала көшеге қаштым. Оянып кетсем, түсім екен» дейді. Сөйтіп, әбден күлген едік, – деген Тельман Спаев бірде топтағы жігітпен төбелесіп қалғанын, оларды Нұрсұлтан қалай татуластырғанын да әңгімеледі.
«Нұрсұлтан шақырып жатыр»
– Тобымызда Палмағанбет Құрманбаев деген жігіт оқыды. «Горновой» газетінің суретшісі. Шымкенттің жігіті. Топтағы ең үлкені, 1936 жылғы жігіт. Мен 1938 жылғымын. Досым Рыспанбек 1937 жылғы. Бір күні баскетболдан жаттығудан шығып келе жатсам, алдымнан Палмағанбет шықты. Аппақ киінген. Менің мойныма асылып алды. Екінші қабатқа дейін көтеріп шықтым. «Түс» десем, түспейді. Итеріп жібердім. Ұшып кетті. Бір ұрған едім, төрт тісі сыныпты. Бір күні профсоюзымыз Жасұзақ «Нұрсұлтан сені шақырып жатыр» деді де, мені ертіп барды. Барсам, алдымда төбелескен жігітім тұр. Ол кешірім сұрады, осылайша Нұрсұлтан бізді татуластырып еді, – деген Тельман ата сол кезде Нұрсұлтанды кейін президент болады деп мүлдем ойламапты. Бірақ топтағы жігіттерді елең еткізген бір оқиға болған. Тельман Спаев сол оқиғаны өзінің жазған «Он в будущем» кітабына «Келешекте» деген тақырыппен кіргізген екен.
«Келешекте»
– Зауытта өндірістік іс-тәжірибеде жұмыс істей жүріп, біліктілігімізді көрсететін диплом жұмысы іспеттес бітіру жұмысын дайындадық. Әрбіріміз берілген тақырыпты ашып, пештің нақты бір бөлшегінің қимадағы сызбанұсқасын сызуымыз қажет. Соны орындауға 4 ай уақыт берілді. Дмитрий Изотович 10 наурызда бәрімізді жинап, тапсырманың қалай орындалып жатқанын тексеретін болды. Кейбір жігіттер тапсырманы орындауға кіріспеген де еді. Кейбіреулері орта тұсына дейін жеткен. Нұрсұлтанға берілгені «Шихтаны домна пешіне дайындау» тақырыбы және электрлік зеңбіректің сызбанұсқасын сызу тапсырмасы болды. Оның тақырып мазмұны мен түсіндірме жазбасы әзір, ал сызбанұсқасы әлі аяқталмаған екен. Келесі тексеріске дейін аяқтауға уәде етті. Нұрсұлтан басқаларымен салыстырғанда көп уақытын кітапханада өткізетін. Оны үнемі кітапқа үңілген қалпында көретінбіз. Менің тапсырмам – «КСРО-ның темір кен орындары» тақырыбы және домна пешінің қимадағы сызбанұсқасын сызу. Менде де бәрі дайын, тек сызба қалған болатын.
Дмитрий Изотович біздің жұмыстарымызды тексеріп, қате тұсын көрсетіп, қалай орындау керегін айтты. Бәрінің жұмысын оқып шығып, бірқатар мысалдар келтірді. «Назарбаевтың түсіндірме жазбасы облыстық партия комитеті хатшысының баяндамасы сияқты түзілген. Ол келешекте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болады» деді Д.И. Погорелов. Оның мұндай сәуегей сөздерін естіп, «Ал мен ше?», «Ал мен кім болам?» деп жан-жақтан жамырадық. «Қабидолла, сен партия қызметкері боласың. Жасұзақ, сен обермастерсің, яғни домна пешінің аға шебері боласың. Тұрғанбек, сен ауысымның аға жұмысшысы боласың. Аманәлі, сен де аға жұмысшысың. Ал, Тельман, сен де партия қызметкерісің. Рыспанбек – домна пешінің аға шебері, ал Доғабай – партия қызметкері» деп әрмен қарай жалғастыра берді. Содан кейін жігіттер бірін-бірі атымен емес, обермастер, патрийник, тағы басқа деп келешек қызметімен атайтын болды, – деп әңгімеледі Тельман Спаев.
Әңгімеден әңгіме шығып, Тельман ата оқу аяқталуына бір айдай қалып, бәрі елге оралуды күтіп жүргенінде болған оқиғаны да есіне алды. Тельман ақсақалдың сөзінше, сол оқиға Нұрсұлтанның адамгершілік қасиеттерін қоюлата түсіпті.
«Ұрлық»
– Нұрсұлтан аккордеонда ойнайтын. Кей күндері параллель топта оқитын курстасының аккордеонын бөлмеге алып келетін. Кейін оған аккордеон сатып алуы үшін үйінен 900 рубль жіберді. Оның 300 рублін ұсақ-түйек шығындарына жұмсап, қалған 600 рублін тумбочкасына салып, жаттығуға кеткен екен. Қайтып келсе, ақша жоқ. Бөлмеде 9 жігіт жатады. Оның қайсысынан күдіктенеді?! Көрші бөлмеде тіпті адам көп. Қайсысына күмән келтіретінін білмей, Рыспанбекті шетке шығарып, оған болған жағдайды айтады. Рыспанбек өзінің ақшаны алмағанын айтып, ант-су ішіп, табуға көмектесетінін айтады. Сөйтіп олар буфетке барып, сол күні арық денелі, ұзын бойлы қараторы жігіттің ірі ақшаны ұсақтағанын біледі. О жігіт Нұрсұлтанмен бір бөлмеде жататын Әмірбек болатын. Екеуі Әмірбекке келіп, «Бүгін 100 рубльді майдалатыпсың, оны қайдан алдың?» деп сұрайды. Ол көп ойланбастан бір украин жігітінің есімін атайды. Екеуі дереу сол украин жігітіне барып: «Сен Әмірбекке ақша бердің бе?» деп сұрайды. «Иә, бердім». «Шыныңды айт!» деп ашуланған Рыспанбек оның көкірек тұсынан қатты ұрады. «Иә, ақша бердім». Рыспанбек тағы да қаттырақ ұрады. «Жоқ, мен бермедім» дейді ол. «Онда неге өтірік айтасың?». «Әмірбек айтуымды өтінген соң айттым». Мұны естіген Әмірбек училищеден тайып тұрады. Рыспанбек пен Нұрсұлтан соңынан қуады. Әмірбек қашып бара жатып, Баглай стансасында милицияның қолына түседі. Заңға сәйкес, Әмірбекке жауапқа тарту үшін оның ісі ең алдымен комсомол ұйымының отырысында қаралады. Доғабайдың басшылығымен комсомол жиналысы өтеді. Оған шеберіміз Дмитрий Изотович те қатысты.
«1,5 жылдық оқу кезінде бәрің де менің балаларым сияқты болып кеттіңдер. Сендердің достық қарым-қатынастарың бәріне үлгі еді. Барлығы да жақсы болар ма еді?! Тек мына кетер алдын болған оқиға бәрімізді масқара қылып отыр. Мені тыңдаймын десеңдер, онда Қазақстаннан бірге келдіңдер, енді бірге қайтыңдар» деді Дмитрий Изотович Погорелов. Нұрсұлтан да ұстаздың сөзін қолдады. Әмірбек кінәсін мойындап, Теміртауға оралған соң, ақшаны қайтаруға уәде етті. Біз тобымызбен бірге бәріміз бұған кепіл болдық. Доғабай Дмитрий Изотовичті де, Нұрсұлтанды да қолдап, жиналыс қорытындысында кешірім беру туралы шешім шығаруды ұсынды.
Екі күннен кейін училищенің жалпы комсомол жиналысы өтті. Сонда 29-топтың комсоргы Доғабай Есбаев группада болған оқиғаны баяндады. Бірқатар ұсыныс түсті. Ең алдымен мінберге 29-топтың старостасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерілді. Ол сөзінде Әмірбектің оқу үлгерімі жақсы екенін, енді бір айдан кейін оқу аяқталатынын айтты. Әмірбек Теміртауға қайтқан соң ақшаны қайтаруға уәде етіп, біз тобымызбен оған кепіл болып, осы шешімді қолдауға өтіндік. Қылмыстық істің тергеушісі өз сөзінде Нұрсұлтанды қолдап, (бір жағынан ол барлық жігітпен сырттай таныс болатын, өйткені түстікке біздің асханаға келетін) Әмірбек сондай бір жаман жігіт емес екенін айтып өтті. Училищенің комсоргы Виктор Блюс те Назарбаевтың сөзін қолдады. Осылайша Әмірбек басына түскен қиын жағдайдан осылай құтылып шықты. Мен мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз адами қасиеттеріне куә болдым. Ол адамдарды кешіре білетін. Досының қателігіне кешіріммен қарап, ақша үшін есе қайтаруға берілмей, жас жігіттің атын былғанудан аман алып қалды. Сол оқиғадан кейін курстастарының алдында, әсіресе достарының арасында Нұрсұлтанның абырой-беделі өсіп, бүкіл училищенің сый-құрметіне ие болды.
«Нұрсұлтан туралы екі кітап жаздым»
Днепродзержинскіде оқыған 29-топтың жігіттері оқу аяқталып, диплом алып, 1960 жылы 26 сәуірде Теміртауға келеді. Бірақ мұндағы металлургиялық зауыттағы домна пешінің құрылысы әлі аяқталмапты. Жертөледе жатады. Жұмыс жоқ. Біраз жігіттер құрылысқа жұмысқа тұрады. Содан 3 шілдеде домна пеші іске қосылып, оқыған кәсіптері бойынша жұмыс басталады.
– Алдын оқығанымыз бар, содан тіке жұмысқа келгеніміз бар, бізге үш айдан кейін еңбек демалысын берді. Үйді-үйімізге қайттық. Үйдің жалғызымын. 1959 жылы көктемде әкем қайтқан еді. Сол жылы жазда анамды жалғыз қалдырмайын деп, үйленгенмін. Содан үйде анам мен әйелім ғана бар. Бәрін ойлай келе еңбек демалысынан кейін Теміртауға қайта жұмысқа бармадым. Жігіттердің көбі сонда істеді. Нұрсұлтан да сонда істей жүріп, қызметте өсті. Ал мен қорғасын зауытына қайта жұмысқа орналастым. Нұрсұлтан үйленгенінде әскерде едім. Бара алмадым. Қорғасын зауытында барлығы 15 жыл еңбектендім. Тек 1973 жылы Нархозда оқып, экономист мамандығын алып, сол бойынша түрлі трестерде, басқармаларда қызмет еттім. 1988 жылы «Южэлеватормельстрой» жылжымалы механикаландырылған коллоннаның бас бухгалтері қызметінен пенсияға шықтым. Ертерек зейнетке шығуыма алдын қорғасын зауытында жұмыс істегенім себеп болды, – дейді Тельман Спаев.
Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың курстасы Тельман Спаев зейнетке шыққанынан кейін Президент туралы екі кітап жазыпты.
– Пенсияға шыққаннан кейін, бір күні теледидар қарап отырсам, бұрын «Днепр» газетінің бас редакторы болған В. Базарянинов деген кісі Нұрекең туралы «Предсказание» атты кітап жазып, соны Нұрекеңе сыйға тартқанын көрсетті. Содан кейін мен де естелік ретінде «Келешекте» («Он в будущем») кітабын 2000 жылы жаздым. Кейін «Қызылкөпірдегі кездесулер» («Встречи на Красном мосту») атты кітапты жаздым. 1000 данамен шығардым. Нұрекеңнің айналасында жүргендердің әрқайсысы кітап жазды. Марқұм Мақашбек (демограф-ғалым Мақаш Тәтімов – Автор) те, марқұм Мақсұт (академик Мақсұт Нәрікбаев – Автор) та жазды. Мен алғаш жазған «Келешекте» атты кітабымды Нұрекеңе жібердім. Кейін Нұрекеңнен жауап келді. Кітап орысшаға аударылды. Бірінші басылымы таусылып қалды. Бұл – екінші басылымы, – дей келе, ол Президенттің хатын көрсетті.
«Достар, достар, жүрсің қайда?»
Осы күнге дейін Мемлекет басшысынан бір жалпы, үш жеке хат алыпты. Сол хаттардың соңғысы осы өткен тамызда – 80 жасқа толу мерейтойына келіпті.
– Міне, 80 жасқа келдік. Қазір «Алла, дай мне все, что всем дал, счастливую молодость, надежных друзей, спокойную старость» деп отырмын енді, – деген Тельман ата әңгіме барысында үстел үстіне жайып тастаған суреттерді, кітаптарды қарап отырып, «Қайдасыңдар, достарым?» әнін бірнеше рет ыңылдап айтты.
Достар, достар, жүрсің қайда?
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел, шырқайық бәріміз! – деп әндеткен, Тельман атаның әңгімесін тыңдап отырып, Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті болғалы онымен қанша рет кездескенін сұрадым. Екі рет кездесіпті. Біріншісі – 2003 жылы, екіншісі – 2008 жылы. Осы жылдары Шымкентте, Теміртауда курстастар кездесуі өтіпті. Қос кездесудің қызық естеліктері де көп екен.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ