Назарбаевты кетіріп, әрі қарай не болатынымен ешкімнің жұмысы жоқ – ғалым
Құрметті бауырлар! Күннен күнге еліміздегі билікке қарсы наразылық күшейіп, қауіпті шепке жақындап келеді.
Мұның соңы неге апарып ұрындыратынан хабары жоқ халық, «ертеңгі күні күніміз не болады?» деп ойланып көрген жоқ. Назарбаевты кетірсек, Тоқаевты кетірсек болды. Бәрі өздігінен орнына келе қалады деген үмітте.
Алайда, оның соңы үлкен қасіретке апарып соғатынын ешкім ойлағысы да, ойланғысы да келер емес. Мұның соңы Қазақ мемлекеттігінің ақыры болатынымен ешкімнің жұмысы жоқ. Ресей мен Қытай сияқты екі империяның қыспағында отырған Қазақстанның тағдыры қыл үстінде тұрғанына соңғы кезде бұл мемлекеттердің өкілдері тарапынан жасалынған мәлімдемелер куә бола алады.
Ресей президенті Қазақстан Республикасына территориялық мүддесі барын ескертсе, Қытай елшісі түрлі-түсті революциялар болған жағдайда, әскер кіргізетінін мәлімдеді. Ал, ресейлік сарапшы Мальцев Ресей мен Қытайдың қазақ жерін бөліп алу жоспарлары барын ашық айтып отыр.
Мұндай жағдайда қазақ халқы не істей алады? Ондай ел басына күн туып, етікпенен су кешер заман туса, сырттан келген дұшпанға жұмылған жұдырықтай болып қарсы тұрар қазақ халқының қауқары бар ма? Жоқ.
Қазіргі күні қазақ халқы дініне, тіліне, мәдени бағыт-бағдарына қарай жіктеліп кеткен. Бірі – батысшыл, бірі – орысшыл, бірі – арабшыл, бірі – қытайшыл. Оны аз десеңіз жүзіне, ру-тайпасына, ата-атаға бөлінуі тағы бар. Ал, билікке қарсы шығып жүрген, өздерін оппозициялық бағыттамыз деп санайтын топтардың бағдарламаларында бұл проблемаларды шешудің жолдары көрсетілмек түгіл, мұндай проблемалық мәселелердің барлығы ауызға алынбайды.
Сондықтан мұндай оппозициялық күштерді қарын қамын ойлайтын топтар ретінде ғана бағалауға болады. Сол себепті, бұл топтардың бағдарламаларында ұлттық мүдде деген нәрсе жоқ. Осыған орай, қазіргі көзге көрініп жүрген мықты деген оппозиция өкілдерінің талаптары экономикалық талаптардан жоғары көтеріле алған жоқ. Оларды қазақ халқының рухаии-мәдени тұтастығы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы қызықтырмайды.
Бұларсыз біртұтас қазақ деген хадықтың болуы мүмкін еместігі ойларына кіріп те шықпайды. Ең өкініштісі – халықтың көпшілігінің санасында қазіргі күні қазақтың басында осындай проблемалық мәселелер бар екендігі ойға да алынбайды. Бар арман-мұраты қайтсем байлыққа жетем, кредитімнен қайтсем құтыламын деген мына дүниелік болмыстың қам-қаракеті ғана.
Бұл қазақ санасының қаншалықты тоқырауға түсіп, рухани болмысынан ажырағандығының көрінісі. Қазіргі оппозициялық күштердің мақсаты – осындай рухани дағдарысты басынан кешіріп жатқан халықты экономикалық талаптарды ту ете отырып, билікке қарсы қойып, сол арқылы билікті орнынан тайдыру, өздері билікке келу. Олар үшін қазақтың халық ретіндегі тағдыры, болашағы қажет емес. Мысалы, елді екі-үш жылдан бері дүрліктіріп жүрген М.Аблязов «Мен билікке келсем, халықтың аузынан ақ майын ағызамын, банктегі қарыздарыңнан құтқарамын» деп т.сс уәделерін үйіп-төгуде. Мысалы, сол Аблязов билік басына келді дейік.
Ондай жағдайда сол Аблязовтың немесе т.б оппозиция өкілінің сондай іс-әрекет етуіне сыртқы күштер мүмкіндік береді ме? Жоқ. Себебі, біз жоғарыда аттарын атап кеткен алпауыт мемлекеттер өздерінің түпкі мақсаттарын іске асыруға күш салады. Онсыз да Қазақстан мемлекеті ішінен ши шығып, бүліншілік болуын күтіп жүрген сыртқы күштердің көктен тілегені жерден табылып, өздерінің жымысқы әрекеттерін іске асыруға көшеді. Мысалы, жыл басындағы Қордайдағы бүліктің шығуы өздігінен болған жоқ. Оған сол жердегі дүнген халқы өкілдерін түрткілеп, сондай жағдайға итермелеген сыртқы күштер болғандығы анық. Ол оқиғаның ары өршімей тезірек аяқталуына Құдайдың өзі жәрдем берді. Одан басқа да қазақты Қытайға қарсы айдап салуды мақсат етіп, жанын салып жүрген Серікжан Біләш сияқты жандар да жетерлік. Егерде елде сондай жағдай орын алып, сыртқа күштер араласатын болса, онда оған қарсы тұрар қазақта күш те, қауқар да жоқ екендігін жоғарыда айтып өттік. Олай болса қазіргі күні елді бұл тығырықтан алып шығудың басқа жолдарын қарастыруымыз қажет. Келесі әңгіме сол жайында болмақ.
Зікірия Жандарбек