Домой Жаңалықтар Назарбаевтардың жұмақ һәм жұмбақ аралы

Назарбаевтардың жұмақ һәм жұмбақ аралы

0
7942

Ақорданың іргесінде, Есілдің арнасындағы табиғаты тамаша жерде шағын арал бар. Бұл жерді жұр «Құлыбаевтың аралы» деп атайды екен. Алайда бұл арал Құлыбаевтан да құдыретті адамдардың меншігі болып шықты.

ORDA сайтындағы әріптестеріміз бұл аралдың құпиясын білмекке талпынып көрді және біраз деректі «су бетіне» шығарды. Аумағы жүздеген мың шаршы метрлік аралда не жоқ дейсіз, шалқып өмір сүруге қажетті дүниенің бәрі бар екен.

Айналасының бәрі биік дуалмен қоршалған аралда бірнеше зәулім сарай, оңаша көл, тікұшақ қонатын алаңқай және бәрінен де үлкен «хан ордасы» бар. Осының бәрін полицияның арнайы жасағы күзетеді, арал аумағына жан баласы аттап баса алмайды.

Фото: orda.kz

Аралдың ресми атауы – «Зеленый остров». Жасыл десе дегендей-ақ, айналасы жасыл желекпен көмкерілген аралдың айналасындағы жұртты 2007 жылы сол кездегі астананың әкімі бықпырт тигендей қуалап, жер телімдерін тартып алған. Ол кезде әкім Асқар Мамин еді.

2007 жылы «Азаттыққа» түсініктеме берген жергілікті тұрғын Мария Сосовой «Жасыл аралдан» Дариға Назарбаев, Рашид Түсіпбеков, Өмірзақ Шөкеев коттедж салып алғанын айтқан-ды.

Дариға Назарбаеваның жайы белгілі, ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш қызы. Рашид Түсіпбеков сол кезде Бас прокурор, ал Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған. Шөкеев Маминнің алдында ғана Астананың әкімі болған. Әсілі, сол кезде «Жасыл аралдан» еншісін алып қойса керек.

Ө.Шөкеев пен А.Мамин. Фото: ғаламтордан

Кеше Назарбаев әулетінің «достары» жасыл аралдың кімге тиесілі екенін дәлелдейтін құжатты жарыққа шығарды.

Кадастрлық реестрден байқасаңыз, 73 мың шаршы метрге жуық жер телімі күні кешеге дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атында тұрған. Және де бұл жерді 2007 жылы Астана қаласының әкімдігі өз қаулысымен Н.Назарбаевқа берген. Сол жылы Әділет министрлігінде сыйға тарту туралы келісімшарт тіркелген. Яғни Н.Назарбаев 73 мың шаршы метр жасыл желекті жерді мемлекеттен сыйға алған.

Биыл 20 қаңтарда Н.Назарбаев бұл жерді 2005 жылы туған Нұрсұлтан Тауманға сыйлапты. Тауманды жұрт «Нұрсұлтанның үлкен ұлы дейді. Қаңтар бүлігінен кейін Назарбаевтың әлгі аралдағы атшаптырым жерді басқаға емес ұлы Тауманға сыйласа, оның себебі белгілі. Бәлкім, қазіргі билік ұлына жұмсақтық танытар деген шығар…

Бұдан бөлек, Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаев және қызы Құндыз Назарбаева да аралдағы жердің иелері болып шықты.

Бір қызығы, Қаңтар бүлігінен кейін жер телімдерінің бастапқы иелері – яғни басты Назарбаевтар құжаттарды едел-жедел қайта рәсімдеп, көзге көп түсе бермейтін екінші кезектегі Назарбаевтарға сыйға тарту негізінде бүркемелеп қойған сияқты. Өйткені аралдағы жер телімдері Назарбаевтардың өз ішінде «айналып» жүр.

Түсіпбеков, Шөкеев сияқтыларды аралдан ығыстырып шығару Назарбаевтар әулеті үшін түкке тұрмайтын іс екені анық. Және солай болған да сияқты. Өйткені бұл арал қазір «Назарбаевтар аралы» деп аталады. Назарбаевтар жүрген жерде түсіпбековтер мен шөкеевтер сияқты «майда шабақтарға» орын жоқ.

Н.Назарбаев

5 маусымда өтетін референдумда Конституцияға өзгеріс енгізіліп, «Қазақстантың Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күшін жоятын болса, ІІМ «Назарбаевтар аралын» күзетуді қояды. Сол кезде 2007 жылы жерін күштеп тартып алған жұрт экс-президенттің иегінің астында күнде пикет өткізіп, ұйқысын қашырса қайтпек?

«Жаңа Қазақстанның» билігі Назарбаевтардан аралды қайтарып ала ма, жоқ па, ол жағын референдумнан кейін көре жатамыз…