«Назарбаевтан арылу» кезеңі және ондағы жастар рөлі

0

ТОҚАЕВ BLOOMBERG-КЕ НЕ АЙТТЫ?

Америкалық Bloomberg агенттігі «Қазақстанның жаңа президенті елде негізгі шешім қабылдайтын адам екенін көрсеткісі келеді» атты мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған бір сағаттық сұхбаттан үзінді келтірген.

Тоқаев сұхбат кезінде «Өзімнің президент екенімді ешқашан ұмытпаймын. Сіздер де ұмытпаңыздар» деген.

Мақала авторлары Тоқаевтың неге бұлай айтқанын өзінше түсіндіруге тырысқан:

«Тоқаевтың өз кабинетіне келушілерге осындай ескерту жасауға мәжбүр болуы президент ретіндегі алғашқы жарлығын ел астанасының атауын өзіне дейінгі президенттің (Нұрсұлтан Назарбаев) құрметіне өзгерткен адамның алдағы әрекеттеріне күмәнмен қарайтынын көрсетеді».

Өзімнің президент екенімді ешқашан ұмытпаймын. Сіздер де ұмытпаңыздар

Bloomberg сұхбат барысында Тоқаевқа өзіне дейінгі президенттің саясаты туралы сұрақтар қойылғанына қарамастан, оның Назарбаев жайлы мүлде айтпағанына назар аударады. Қазақстан президенті оның орнына «қоғамды саяси трансформациялау», жас ұрпақты саясатқа араластыру, экономиканың мұнайға тәуелділігін төмендету жоспары және тұрмысы нашар отбасылардың қарызын кешіру туралы жарлығын сөз еткен. Ақпараттық агенттік Тоқаевтың қоғаммен диалог орнату туралы пікірін де берген. Онда Қазақстан президенті «азаматтық қоғамнан өзгерістер туралы ақылға қонымды ұсыныстар естігісі келетінін» айтып, бірақ радикалды талаптарға шектен тыс жұмсақтық танытуға құлықсыз екенін білдірген.

Тоқаев сұхбатына арналған тағы бір мақалада Bloomberg Қазақстан президентінің кепілсіз қарыздарды кешіруге бағытталған жаңа саясаты мен жекеменшік банктерді мемлекет есебінен құтқаруды доғару туралы ой-пікірлеріне кеңінен тоқталған.

Bloomberg қарызды кешіру бағдарламасын Тоқаевтың «ел президенті болып сайланғаннан кейін жасаған бірінші ірі саяси қадамы» деп атап, оның бастамасын Грузияда болған қайшылықты бағдарламаға ұқсас деп тапты. Грузияда сайлауға бірнеше күн қалғанда басқарушыі партия 600 мың адамның қарызы кешірілетінін мәлімдеген. Агенттіктің хабарлауынша, Тоқаев өз шешімін Грузия мысалымен салыстыруға болмайтынын айтып, Қазақстандағы мысалды «басқа жағдай» деп атаған.

ВИДЕО: Қарызды кешіру жайлы алматылықтар не ойлайды?

Bloomberg жекеменшік банктерді мемлекет қаржысы есебінен құтқару Қазақстан үшін «нәзік тақырыптардың бірі» деп есептейді. Агенттік Қазақстанның ұлттық банкі банк активтерін бағалаудың жаңа кезеңін бастағанын айтып, бұл «жақында мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді» деген қауесеттерге жол ашты деп жазады. Сұхбат барысында Тоқаев мемлекеттің жекеменшік банктерді құтқару шарасына қарсы екенін білдірген. «Президент ретіндегі позициям – үкімет жекеменшік банктерге қарыз беруге қатыспауы керек» деген Тоқаев осыған дейін банктерге берілетін қаржы саяси байланыстар негізінде үлестіріліп келгенін жоққа шығарған.

«ДЕНАЗАРБАЕФИКАЦИЯ»

Вашингтоннан шығатын Diplomat газетінде «Назарбаев буыны: Қазақстан жастары» кітабының авторы Марлен Ляруэльдің «Қазақстан көктеміне жетер жолда» атты сараптамалық мақаласы жарияланды. Мақалада Қазақстандағы биліктің ауысуы, наразылықтар, жастардың басымдықтары, ұлтшылдық пен либерализм арасындағы күрес, өзгерістерді талап ету қозғалысы сияқты көп мәселе терең талданған.

Автордың ойынша, Назарбаев «ағартушылық авторитаризмнің» арқасында өзі басқарған елді әлемдік аренада танымал еткені үшін, бүкіл әлемде ядролық қарудан бас тарту туралы бастама көтеріп, елді отыз жыл басқарғаннан кейін өмірден өтпей тұрып және халық наразылығына ұшырамай биліктен өз еркімен кеткен тұлға ретінде тарихта қалады. Бірақ Назарбаевтан кейін елдегі «демократияландыру мен саяси институционализация нашар күйде екені, бірінші президент отставкасынан кейін өтпелі кезеңде елді басқару төмен деңгейде жүзеге асқаны анық көрінген».

Қазақстандағы «деназарбаефикация» терминін енгізген Марлен Ляруэль бұл процесті үш кезеңге бөліп қарастырады: алғашқы кезең – Назарбаевтың биліктен кетіп, орнына Тоқаевты қайта сайлау үшін кезектен тыс президент сайлауының жариялануы, екінші кезеңде 2008-2012 жылдары Ресейде болған Путин-Медведев жағдайына ұқсас қос президенттіктің орнауы. Сарапшының пікірінше, үшінші кезеңде бұрынғы президент саяси сахнадан толық кетіп, қазіргі президент басты шешім қабылдаушы ретінде қалады.

«Әлі нақтыланбаған бұл траекторияда төртінші қадам да қарастырылған болуы мүмкін. Оған сәйкес, Тоқаев бірнеше жылға президент болып сайланып, саяси мақсаттары бұрыннан айқын Дариға жеткілікті қолдау жинап үлгергенше билікте қала тұрады. Бұл жағдайда Қазақстан көршілес Әзірбайжан сияқты, патшалар арасындағы Тоқаев кезеңінен де құралған династиялық республикаға айналады. Бірақ қазір Қазақстандағы қоғамдық пікір бұрынғы президент қызының жағында емес» делінген.

Қазақстандағы буындар ерекшелігін талдаған автор «болашақтықтар» буыны (шетелде білім алуға арналған мемлекеттік «Болашақ» гранттық бағдарламасының алғашқы түлектері — Ред.) мен халықтың 51 пайызын құрайтын, жасы 29-дан төмен, саяси тұрақтылық пен материалдық игілік кезінде өмір сүріп, тұтынушылық мәдениетін дамытқан «Назарбаев буынының» арасындағы айырмашылыққа тоқталған.

Автор «Назарбаев буынын» «конформистер» деп атайды. «Олар отбасы құндылықтары мен материалдық жайлылыққа сенеді, ата-аналарының құндылықтарына қарсы шықпайды, жоғары білімді жақсы жұмысқа тұруға қажет құрал деп қана қабылдайды, кәсіби тұрғыда өсіп, өмірін жақсартуға әлеуметтік байланыстары көмектеседі деп есептейді» деп жазады Ляруэль.

Сарапшының пікірінше, олар экономикалық либерализмді қолдайды, бірақ демократияландыру мен либералды құндылықтар үшін күреспейді.

«18-29 жас аралығындағы жастардың тек төрттен біріне жуығы ғана ел азаматтары биліктегілердің шешімдеріне күмәнмен қарауы керек деп есептейді» деп жазады Ляруэль. Сарапшы бұл буынның алдыңғылардан өзгеше екенін айтады. Ляруэль оларды «өзінің қайталанбас тұлға екеніне сенетін индивидуалистер» және «экономикалық либерализмнің ұрпағы» деп атайды.

Назарбаевтан кейінгі кезеңде Қазақстан жастарының саяси болашағы қалай өзгеретіні туралы ойымен бөліскен Ляруэль қоғамда ұлттық-патриоттық деп танитын ұлттық оппозиция және либералдар деп бөлінетін екі идеологиялық топ пайда болғанын айтады.

Бірінші топқа жататын «Жаңа Қазақстан» форумы маусымның 20-сы күні жұмысын тоқтатты. Автордың пікірінше, бұл бағыт “Жаңа Қазақстан” құрылымынсыз да ықпалды тенденциялардың бірі боп қалатынға ұқсайды. Екінші топқа жататын «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының (құрылғаны туралы маусымда хабарлаған ресми емес қозғалыс – Ред.) ауқымы кеңейіп келеді» дейді сарапшы.

Автор сондай-ақ «Ретроспективаға бейім бірінші топ оқшау өмір сүрсе, екіншісі космополит және жаһандануға бет бұрған жастардан құралған. Екі топқа кіретін буындардың арасында да айырмашылық бар. Бірінші топқа 40, 50 жастағылар кірсе, екінші топтың негізін миллениалдар құрайды» деп жазады.

«Қазақстан билігі ел тәуелсіздігін жариялағаннан бері екінші рет оппозициямен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жолы 1990-жылдардың басындағыдай Ресейді не коммунизмді жақтағандармен емес, елдің мұнайдан түскен табысы ел экономикасына серпін берген жылдары қалыптасқан қалалық орта тап өкілдерімен кездесіп отыр» дейді сарапшы.

Сарапшының пікірінше, «Қазақстанда Назарбаев режимінің элементтері тез арада жоғала қоймайды: елдің халықаралық беделі, көпвекторлы сыртқы саясат, дамудың сингапурлық үлгісі сияқы көп элементтер біраз уақыт сақталады. Мемлекеттің жетістігіне баланатын бұл элементтің бәрін қоғам қолдайтындықтан, олар өзгеріссіз қалады. Басқа даулы мәселелер буындар ауысқан сайын өзгеріп отырады» дейді Марлен Ларуэль.

Қарай отырыңыз: «Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын» жастар қозғалыс құрды (5 маусым 2019 жыл).

Ол «даулы мәселелердің» қатарына Ресеймен қарым-қатынас, «мәдени қазақыландыру» мақсатындағы әлеуметтік қысым, гендерлік рөлдерді қайта қарау және қоғамдық ортада ислам діні мәртебесінің өсуін жатқызады.

«Әсіресе жергілікті жердегі биліктің халыққа есеп бермеуі, көбіне жекеменшік қолға өтіп жатқан денсаулық сақтау мен білім беру сияқты қоғамдық қызметтерді реформалау кезінде туған түсініспеушілік қоғамдық наразылықтың артуына себеп болып отыр» деп жазған Ляруэль «Назарбаев буыны «деназарбаефикация» процесін үдетсе, бұл тарихтағы күтпеген өзгеріс болады» деп қорытындылайды.

КАНАДА ТҰРСЫНБАЕВҚА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕЙДІ

Канадалық Star басылымы Канада федералды сотының қазақстандық «Қазатомпром» компаниясы президентінің бұрынғы орынбасары Рүстем Тұрсынбаевқа қатысты шығарған шешімі туралы жазды.

Мақалада «Қазақстанда ақша жымқырғаны үшін іздеу жарияланған мультимиллионер Канададан 203 мың доллар алды. Федералдық сот Рүстем Тұрсынбаевты Қазақстанға депортациялау туралы сұранысқа байланысты сот процесінде заңбұзушылықтарға жол бергені үшін канадалық шенеуніктерді кінәлі деп тапты» делінген.

Тұрсынбаевты қорғаған үш адвокаттың бірі Лорн Уолдман «бұл сот тағайындаған ең үлкен өтемақылардың бірі болды» деген.

Мақалада Тұрсынбаевтың Канадада тұрғылықты мекенжай анықтамасын алғаннан кейін 2009 жылдан бері Торонтода тұрып келе жатқаны айтылған. 2012 жылы оны Интерпол Қазақстан билігінің өтінішімен ұстаған. Оған Қазақстан билігі «алаяқтық жасады» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп айыптаған. Ол Торонто-Вест қамау орталығынан босап шығып, бірнеше жыл бойы қатаң жағдайда үйқамақта болған.

Мақала авторы «Қазақстанның Тұрсынбаевқа қандай кінә артып отырғаны түсініксіз, бірақ оның 2009 жылғы жемқорлық дауына қатысы бар «Қазатомпром» мемлекеттік компаниясымен байланысы болғанын атап өткен жөн» деп жазады.

Тұтқынға алынған кезде Тұрсынбаев әйелі Наталиямен бірге сол жылдары 3,9 миллион канадалық долларға бағаланған Торонто Кинг Ситидегі зәулім үйде тұрған.

Star басылымының жазуынша, Тұрсынбаев өзін Қазақстанға депортацияламауы үшін ұзақ жылдар бойы сот арқылы күрескен. Ақырында 2017 жылы канадалық шенеуніктер атап айтқанда әділет, қоғамдық қауіпсіздік, көші-қон және сыртқы істер министрі Тұрсынбаевтың экстрадициясы немесе депортациясы жайлы сот түпкілікті шешім қабылдамайынша істі кейінге қалдыруға келіскен.

Azattyq