Назарбаевсыз 30 күн
Бір ай бұрын, наурыздың 19-ында Нұрсұлтан Назарбаев сол айдың 20-сынан бастап президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Сол күні бұл өкілет парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты. Мұндай билік транзитін сараптаған кейбір бақылаушылар бұрынғы президент қызметінен бас тартса да, билікті сақтап қалады деп болжаған. Бір айдан кейін олардың долбары дұрыс болып шыққандай.
НЕ ӨЗГЕРДІ?
Президент
65 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың 20-сында президент қызметіне кірісе тұрып Назарбаевты «елдің және әлемнің тарихына енген жалғыз һәм мәңгі елбасы — ұлттың әкесі» деп атады. Назарбаевтың барлық қызмет құрылымын сақтап қалатынын айтты. Мемлекеттік мекемелерде Назарбаевтың портреттері мен фотолары «ажырамас атрибуттар ретінде» сақталатынын ескертті.
Атаулар
Инаугурация рәсімінде Тоқаев Назарбаевтың есімін тарихта қалдыру үшін бірнеше бастама көтерді. Олардың кейбірі жүзеге асып та үлгерді.
- Астана қаласына өзінің алдындағы президенттің атын беруді ұсынды. Қоғамда дау туғызған бұл идеяны парламент бір ауыздан қолдады. Қазақстан астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа Тоқаев наурыздың 23-інде қол қойды.
- Облыс орталықтарындағы бас көшелерге Назарбаев есімін беруді сұрады. Бұл идеяны көпшілік қала мәслихаттары қолдағанымен республикалық онамастикалық комиссия бәрін бірдей мақұлдамады.
- Астаналық теміржол вокзалының аты да Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Тоқаев мұндай ұсыныс жасамаған.
Сенат спикері
Инаугурация күні Тоқаев бұрынғы президенттің үлкен қызы, 55 жастағы Дариға Назарбаеваны сенат төрағасы қызметіне ұсынды. Құпия дауыс беру кезінде депутаттар бұл ұсынысты түгел мақұлдады. Осылайша Дариға Назарбаева лауазымы бойынша елдегі екінші саяси тұлғаға айналды.
Президент әкімшілігінің жетекшісі және басқалар
Мемлекет хатшысы қызметін 23-ақ күн атқарған бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Бұл қызметте отырған Әсет Исекешев Қазақстанның тұңғыш президенті қорының төрағасы болды. Мемлекет хатшысы қызметіне Марат Тәжин қайтып барды. Бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен бұрынғы қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев та жаңа қызмет иеленді. Бұрынғы «Нұр-Медиа» холдингінің басшысы Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа жетекшісіне айналды. Басқа да бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасалды.
Тұңғыш президент – Елбасы
Сәуірдің 3-інде Назарбаев «Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы қызметіне кіріскенін» жариялады. Бұдан бөлек Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халқы ассамблеясының және парламенттегі басым көпшілік орынға ие «Нұр Отан» партиясының басшысы болып қала беретінін ескертті.
Келесі сайлау күні
Сәуірдің 9-ында Тоқаев халыққа телеүндеу жолдап, маусымның 9-ында «аса қажетті» кезектен тыс президент сайлауы өтетінін айтты. Бұл науқан постсоветтік Қазақстандағы алтыншы және төртінші кезектен тыс президент сайлауы болғалы тұр.
Шетел сапарлары
Президент қызметіне кіріскен соң Тоқаев екі мәрте шетелге ресми сапар шекті. Әуелі Ресейге барып, президент Владимир Путинге Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді. Одан кейін Өзбекстанға барып қайтты. Бұл сапарлардың алдында берген сұхбаттарында Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін қандай маңызға ие екені туралы бірнеше мәрте пікір білдірді.
ӨЗГЕРМЕЙ ҚАЛҒАН НЕ?
Бақылаушылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент қызметіне кіріскелі бергі мінез-құлқын «сыртта да, іште де өте сақ» деп сипаттайды. Оның ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сияқты маңызды қызмет басшыларымен әлі жүзбе-жүз кездеспегенін айтады.
Ермекбаевты сәуірдің 18-інде Назарбаев жеке қабылдап үлгерді. Сәуірдің 10-ында Назарбаев өткізген Қауіпсіздік кеңесіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге премьер-министр Асқар Мәмин, сенат төрағасы Дариға Назарбаева, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов, сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қатысты.
Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Назарбаев кеткелі бергі 30 күн ішінде президент Тоқаевтың шетел сапарлары кезінде сыртқы істер министрі сияқты көрінгеніне назар аударады. Сарапшы Тоқаевтың ішкі саяси мәселелерге қатысты өзін нақ президент сияқты таныта қоймағанын, керісінше елді әлі Нұрсұлтан Назарбаев билеп отырғанын көрсетуге тырысқанын айтады.
— Сондықтан бұл 30 күнді Назарбаевсыз емес, Назарбаевпен бірге өткердік, — дейді Досым Сәтпаев.
Саясаттанушының пікірінше, Тоқаев ҰҚК мен қорғаныс саласына әмір жүргізуге күш салмайды. Сәтпаев бұрынғы президенттің қолынан генерал шенін алған Мәсімов пен Ермекбаевтың президент Тоқаевтың жүріс-тұрысын аңдитын «елбасының қуыршақтары» болып қала беретінін айтады. Сарапшы Назарбаев биліктен біржола кеткен күні бұл адамдардың саяси амбициясы оянып, керісінше, басқаларды қуыршақ қылуға ұмтылуы мүмкін екенін ескертеді.
Сенаттың бұрынғы депутаты, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қорының жетекшісі Зәуреш Батталова Назарбаевты билікті оңайлықпен бере қоймайтын «30 жылдық еңбек өтілі бар авторитарлық билеуші» деп санайтын пікірінен айнымаған. Ол өткен 30 күн ішінде Назарбаев билігін күшейте түсті деп санайды.
Батталова кезектен тыс президент сайлауын бұл сөзіне дәлел етеді. Науқан кезінде Назарбаев таңдап алған мұрагердің дауыс беру нәтижесін «мінсіз» бұрмалау технологиясы арқылы жеңіп шығатынын ескертеді.
— Сайлау туралы заңға соңғы рет былтырғы сәуір мен мамыр айларында өзгеріс енгізілді. Билік қолданатын технологияны нығайта түсті, — дейді Батталова.
Жаңа өзгертулерге сәйкес президенттікке кандидат Қазақстанда соңғы 15 жыл үздіксіз тұрған болуы тиіс.
Көре отырыңыз: Үміткерге қойылатын талаптар.
Батталова Назарбаевтың тұсында заңды биліктің оңтайына жағатындай етіп өзгерте беру «нормаға» айналғанын айтады. Оның сөзінше, Тоқаев сайлау кезінде кандидат болып ұсынылса, оның 2011-2013 жылдары БҰҰ-ның Швейцариядағы кеңсесінде Бас хатшының орынбасары болып жұмыс істегені заңға қайшы болып шығуы тиіс. Бірақ әділет вице-министрі Наталья Пан жуырда Тоқаевтың бұл қызмет кезеңінің «шетелде тұруға жатпайтынын» түсіндіріп баққан.
Батталованың сөзінше, Ресейдегі Қазақстан елшісі Иманғали Тасмағамбетовті «Қазақстанда тұрып жатыр» деп есептеуге болады. Өйткені ол Қазақстан территориясы деп саналатын дипломатиялық мекемені басқарып отыр. Батталова Тасмағамбетов сияқты салмақты саясаткер үшін елші қызметінің «қуғынға ұшыраумен» парапар екенін айтады. Сондықтан әлдекім Тасмағамбетовтің кандидатурасын ұсына қалса, «шетелде тұрып жатыр» деген себеппен тіркемей қоюы әбден мүмкін екенін ескертеді.
Батталованың сөзінше, қазіргі сайлау туралы заң елдегі саяси бәсекені біржола жойды. Өйткені жаңа түзетулер бойынша кандидаттар өзін-өзі ұсына алмайды, шынайы балама кандидатты жарыстан шеттету тәсілдері әбден жетілген. Белсенді биліктің тағы бір мәрте шынайы баламалы сайлау өткізгендей түр көрсететінін айтады.
«Ұлттық зерттеу интситуты» ҮЕҰ-ның директоры Бөріхан Нұрмұхамедов қоғамның Қасым-Жомарт Тоқаевты мысқылдай қарсы алғанын «билікке деген сенімсіздіктің» бір белгісі көреді. Сарапшы бұл құбылысты жаһандық тренд деп сипаттайды. АҚШ пен Франция сияқты елдерде қалыптасқан саяси жүйеден тыс саясаткерлердің жеңіп шыққанына меңзейді. Оның сөзінше, Қазақстанда бұл тренд «самарқау сипатқа ие». 30 жылға жуық уақыт ішінде жалғыз Назарбаев басқарған елде бір сарынды өмір ырғағы мен тұрақты саяси басқару жүйесі орнығып қалған.
— Өмір дарияның суы сияқты ақырын өтіп жатқан. Аңғарды өзгертпеген билік селдің алдын алып, зор қателікке ұрынбауға тырысты. Сол себепті инерциялық тіршілік қалыптасты. Соңғы 30 күн ішінде де ерекше ештеңе бола қойған жоқ. Президент Назарбаев кетсе де, елбасы Назарбаев көптің көз алдында қалды, — дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.