«Назарбаевқа жаным ашиды. Биліктен кеткен соң далада қалды» — Мырзатай Жолдасбеков
Экс-президент Н.Ә.Назарбаев туралы сөз болғанда мемлекет және қоғам қайраткері, профессор М.Жолдасбеков оған «жаны ашитынын» Айқын ютуб арнасына берген сұхбатында айтты. Сол сұхбаттың үзіндісі әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
«Бізді балапандай баптап, қызғыштай қорып келе жатқан кемеңгер қайраткерсіз. Сіз бізге Алланың берген сыйысыз. Арғы-бергі заманда қазақтың басында мұндай бақ қонған жоқ. Мұндай дәуренді қазақ басынан кешкен жоқ. Ұлан байтақ даласы бар, Астанадай қаласы бар, Нұрсұлтандай данасы бар Қазақстан жасай берсін!» деп экс президенттің мақтауын асырып жүретін М.Жолдасбекұлы оған «жаным ашиды» дейді.
«Әлбетте, бір жағынан жаның ашиды Назарбаевқа. Сонша нәрсе істеп, бір нәрсеге ақылы жетпеген. «Дүние деген сары алтын, талайларды алдаған» деп Төле би бабамыз айтқандай, соның бәрін біле тұрып істегеніне таңғалам. Бір жолығып, анда-санда әңгімелесіп қоюшы едік. Бір жолы әңгімелестік Түркменияға барып келе жатқанда. Мен қызметтемін. Барып келдім, араладым, бәрін көрсетті сапарымда деп. Бәрі дейді қарасаң, біреуі әкесінің атында, біреуі шешесінің атында, біреуі өзінің атында. Түгел өздерінің аттарына көшіріпті дейді. Сосын екеуміз шай ішіп отқанда айттым дейді «саған оның не керегі бар» деп. «Жоқ, Нұрсұлтан, маған мұның ештеңесі керек жоқ. Түркмендерге Құдай керек. Мен қазір олардың Құдайымын. Мен өлгеннен кейін не болса, о болсын» депті. Ал енді осыны айтқаннан кейін, Назарбаевқа айтып отырып, өзі осыдан сабақ алмағанына қайран қалам да. Кейін президент боп сайланды. Сайланғаннан кейін кейде бізге айтады, «былай қарап отырыңдар, артық қимыл жасап жүргенім жоқ па» деген сияқты. Бұрын бір-екі «замечание» жасағам. Ол енді құпия. Мен оны аша алмаймын. Сосын бір күні бір жиынға бардық. Бұл кісі төрде отыр ғой жалғыз өзі. Анаған да көз қысады, мынаған да көз қысады. Бір күні кіріп айттым. Сіз жұртқа бәріне бірдей президентсіз ғой. Соның ішінде танысыңыз болса да отыру керек қой шыдап. Анаған да көз қысасыз, мынаған да көз қысасыз. Президентке жараспайды дедім. Қызараңдап кетті. Сосын ойладым. «Жокеңнің баласы артыңды қыс. Оның арты насырға шаппай тұрғанда» деп. Сонда айтқан сөзім ғой бұл», — деп атап өтті қайраткер.
«Тақтан тайған адамның бағы таяды». Бүгінгі тұңғыш Президентіміз осының кебін киіп жүрген жоқ па? деген сауалға Жолдасбекұлы:
«Дәл солай. Жалпы, қай елде де сол болды. Мәселен, кезінде Жамбылды сынады жұрт. Несін сынады? «Сталинді мақтады, Партияны мақтады» деп. Сталинді мақтамаған, партияны мақтамаған сол кезде тірі жүрген адам бар ма екен. Бәрі мақтады жапа-тармағай. Қолына қалам ұстағанның бәрі мақтап жазды. Сол сияқты билікте жүрген кісінің даңқы болады, оны қолдайды бәрі. Ал енді биліктен кеткеннен кейін, бұл енді біздің елге тән бе деп ойлаймын. Бұл сол адамдардың өздеріне байланысты. Мынау шет елде президент болғандардың құдайға тәуба, аяқ асты болып жатқандары жоқ қой. Солардың бойында тазалық боп тұр ғой. Мемлекеттің мүлкіне қол сұқпай. Мынау кеше Германияның канцлері көпшілік тұратын көпқабатты үйде тұрыпты ғой. Ал бізде сол жоқ. Біз келсек жайқалып жүруіміз керек. Елді ұмытып кетеміз. Сосын қызметтен кеткеннен кейін амалдың жоғынан сыйлайды. Биліктен кеткеннен кейін далада қалады», — деді Мырзатай Жолдасбеков.