Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған депутат Тұңғыш Президент күнін алып тастауды қолдап шықты

0

Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған. Енді бүгін ол 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауды қолдап, 98 депутаттың бірі болып дауыс берді. Жас депутаттың бұрынғы әрекеті бүгінгі әрекетіне кереғар емес пе? Ulysmedia.kz тілшісі Мәди Ахметовтың өзінен сұрап көрді.

«Бүгін ұсыныс тасталды. Бірінші оқылым. 10-шы айдың 25 жұлдызы бізде Республика күні ретінде бекітіліп жатыр. Негізгі декларация қабылданған. Тұңғыш Президент күнін жалпы Алғыс айту күнімен қатарластырып, демалыстар тізімінен, яғни қызыл күндер тізімінен алып тастау ұсынылды», — деді Ахметов.

Депутаттың өзі «баршамыз, 98 депутатТұңғыш Президент күнін мерекелеуді мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауды қолдап дауыс бергенін» жасырмады. Ал депутаттан «кезінде Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынған әрекетіңіз бүгінгі дауысыңызға кереғар емес пе?» деп сұрақ қойылды.

«Біз қазір Жаңа Қазақстанда жұмыс істеп жатырмыз. Болар іс болды, бояуы сіңді. Біз нақты өзіміздің Әділетті – әділ Қазақстанды құру бағытындамыз. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Әрине, кереғар емес», — деді ол.

Мәди Ахметов сонымен қатар Астана атауын қайтару туралы пікірін білдірді. Өзі Астананы Нұр-Сұлтан деп те, Астана деп те, елорда деп те атағанын айтып өтті.

«Қаңтарға дейінгі Қазақстан мен Қаңтардан кейінгі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Біз Жолдауда да, басқа бағыттарда да Әділетті – Жаңа Қазақстанды құруға бүкіл күш-жігерді жұмылдырып жатырмыз. Біздің елімізде жеке басқа табыну емес, мемлекетшілдік жалғыз қағида болу керек. Сол қағидамен келе жатырмыз», — деді Мәди Ахметов.

Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы аясында аталған ұсынысты енгізген. Оған сәйкес, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тасталмақ.