Назарбаевқа «Бейбітшілік кілемі» сыйға берілді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

«Бейбітшілік кілемі»  – қару-жарақ бейнеленген «соғыс» тақырыбындағы ауған кілемдерін жасау дәстүріне қарсы бағытталған жоба

НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бейбітшілік кілемі» табысталды. Ұлт көшбасшысы ерекше сыйлықты Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед әл-Джабердің қолынан алды.

Елбасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Назарбаевтың елшімен кездесуі барысында екі жақты қатынастарды нығайтудың, Қазақстан мен БАӘ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың, мәдени байланыстарды кеңейтудің маңыздылығы жайлы айтылды.

«Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері біздің қарым-қатынасымыз өте қарқынды дамып келеді. Біз әрдайым БАӘ басшылығымен тығыз байланыста болдық. Осының арқасында елдеріміз арасындағы визасыз режим мәселесін шештік, рейстердің санын көбейттік. Бұл туристердің артуына жол ашып, тұтастай экономикалық қатынастардың кеңеюіне әсер етті, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Мұхаммед аль-Джабер БАӘ басшылығы атынан Қазақстанның одан әрі табысты дамуы мен өркендеуін тілей отырып, Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қай көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді

«Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды серіктестердің бірі. Біз визасыз режим туралы келісімге қол жеткізуді оң бағалаймыз. Бұл кәсіпкерлер арасындағы байланыстарды жеңілдетуге және инвестициялық белсенділікке ықпал етеді», — деді елші.

Сонымен қатар, дипломат Нұрсұлтан Назарбаевқа мәртебелі шейх Фатима бинт Мұхаммед бин Заидтің гуманитарлық жобасы аясында жасалған «Бейбітшілік кілемін» табыстады.

«Бейбітшілік кілемі» жобасы

Гуманитарлық жоба кілем тоқудың дәстүрлі қолөнерін насихаттауға және соғыс бейнелерінің осы өнерге енуіне қарсы тұруға бағытталған. Жоба аясында қолөнершілер бейбіт және гүлденген өмір туралы өздерінің көзқарастарымен кілемдер тоқиды.

Ол – әскери қақтығыс, жауынгерлер мен қару-жарақ бейнеленген «соғыс» тақырыбындағы ауған кілемдерін жасау дәстүріне қарсы бағытталған жоба.

 



sputniknews.kz