Назарбаевпен сұхбатты неге тікелей эфирден көрсетпейді?

0

АҚОРДАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Желтоқсанның 27-і күні Ақорда президенттің журналистермен кездескенін хабарлап, әлеуметтік желідегі парақшасында сұхбаттың екі минуттық қысқа үзіндісін жариялады.

Видеода Назарбаев өзін айнала отырған бірі – журналист, бірі – блогер жеті адамға таяуда болған ауыс-түйіс себебін түсіндіреді. «Биыл елде болған маңызды оқиғаларды қорытындылап, журналистер сұрағына жауап берілген» сұхбаттың толық нұсқасы желтоқсанның 28-інде мемлекеттік телеарналардан көрсетіледі деп хабарланды.

Азаттық президентпен сұхбаттың қалай ұйымдастырылып, сұрақтар қалай әзірленгені туралы кездесуге қатысқан жеті адамның түгеліне жуық хабарласқанымен, ешбірі сөйлесуге ықыласты болмады. Ақорданың баспасөз қызметі де Азаттық тілшісіне сауалды ресми хатпен жіберуді ұсынды.

«БИЛІКТІҢ ҮЙРЕНГЕН ФОРМАТЫ»

Соңғы жылдары президент Назарбаев бірнеше журналисті жинап, баспасөз конференциясына көбірек ұқсайтын кездесу өткізуді жиілеткен. Президент мұндай жиын кезінде жыл ішінде елде болған ірі оқиғалардың оң әсері туралы айтып, жылды қорытындылайды, я жолдауларды талқылап, «алда қандай міндеттер тұрғанын» айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге сұхбат беріп отыр. Астана, 27 желтоқсан 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге сұхбат беріп отыр. Астана, 27 желтоқсан 2018 жыл.

​Президент ​Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы иелік ететін басылымдардың, ірі мемлекеттік ақпарат құралдарының журналистері арасынан іріктеліп алынатын тілшілер кездесу кезінде кейде президенттің жеке басына қатысты сұрақтар қояды. Сұхбат соңында Назарбаевпен қосыла әндеткен кездері де бар.

2017 жылы осындай сұхбаттардың біріне барған журналист Гүлнар Бажкенова Азаттық тілшісіне кездесуге қалай шақырылғанын, Назарбаевпен сұхбаттасқан соң қандай әсер алғанын айтып берді. Бажкенованың сөзінше, [Ақорданың баспасөз қызметі] сұхбат алдында Назарбаевқа қандай сұрақ қоятынын анықтап, сауалдарын алдын ала жіберуді сұраған.

Журналист Гүлнар Бажкенова.

Журналист Гүлнар Бажкенова.

Бажкенова «90-жылдары Назарбаев қандай да бір шарадан шыққан соң, журналистерге тікелей жауап беретін, қазір оның сұхбаттары салтанатты сипатта өтетін болды» дейді.

— Бұл – біздің билікке тән мінез. Қазақстанда президент билігі киеліге (сакрализация) баланады. [Назарбаев журналистермен өткізетін] дөңгелек үстелдің ешбірі журналистер сұрағына жауап беруге емес, билікті дәріптеуге бағытталған, — дейді Гүлнар Бажкенова.

Журналист президенттің тікелей эфирде жауап бермеуін «тосын сұрақтар болуы мүмкін деген қауіптен емес, Назарбаевтың осы форматқа үйреніп қалғанынан» көреді.

— Назарбаев – ескінің адамы. Сондықтан мұндай жиындар арқылы өзін жарнамалап жатқандай көреді. Сұхбаттың өзін уақытты бос өткізу деп санайды. [Тікелей эфирде өтпейтін сұхбаттың өзіне] баспасөз қызметі біраз күш салады, — дейді Гүлнар Бажкенова.

«ЕСІГІМІЗ АШЫҚ БОЛАТЫН»

1991-1993 жылдары Назарбаевтың тұңғыш баспасөз хатшысы болып істеген Сейітқазы Матаев 1995 жылы президент өкілетін 2000 жылға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткен соң 1996 жылдан бастап Назарбаев қоғамнан оқшаулана бастады деп санайды.

Қазақстан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев.

Қазақстан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев.

— Сұрақтарды қазір баспасөз қызметі үлестіреді дейді. Мұндай бұрын болған жоқ. (Тосын) сұрақтар болады деп сескенетін шығар. Барлық БАҚ мемлекеттің қолында – не айт десе, соның бәрін айтады. Назарбаев 90-жылдары өте ашық болатын. Бәрімен кездесетін. Баспасөз қызметінің есігі ашық еді, пропуск сияқты шектеу болмаған. Хабарласады, жағдайларын айтатын, — дейді Матаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қазақстанда орнаған саяси жүйеде президенттің журналистермен кездесуі қандай форматта өтсе де, бұл тиянақты сценарий бойынша әрбір адам өз рөлін мүлтіксіз ойнап шығатын қойылымға көбірек ұқсап кетеді» дейді.

— 2000 жылдары президент аймақтарға тікелей байланысқа шыққанда да бәрі алдын ала дайындалып қоятын. Ол уақытта жаңа нәрсеге деген ұмтылыс бар еді. Қазір билік өзінің бас ойыншы екеніне көзі жетті де, демократия көрінісін қоюдың қажеті жоғын ұқты, — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Назарбаев жыл сайын «қоғамнан алыстап барады».

— Назарбаев өзі құрған жүйенің тұтқынына айналды. Қазақстанда авторитарлық құбылыс жиілей түскен сайын президент саяси, ақпараттық кеңестіктен алыстап барады. Ол «Қазақстан – отыздыққа тіке бара жатқан ел» дегенге сеніп қалды. Бұл оның мәлімдемелерінен, жолдауларынан байқалады. Билік ешқандай қауіп жоқ деп ойлайды. Бірақ жарылудың аз-ақ алдында тұрған әлеуметтік мина көп, — дейді ол.

​Биыл қазанның 17-і күні президент Назарбаев Финляндияға барып, сол елдің президенті Саули Ниинистёмен кездескен. Кездесуден соң фин журналисі Назарбаевтан «2020 жылы сайлауға түсесіз бе?» деп сұраған. Назарбаевқа елде мұндай ашық сұрақ қойылған емес. Досым Сәтпаев «Назарбаев шетелге ресми сапарлап барғанда өзіне ыңғайсыз ортаға тап болады. Себебі ол жақта журналистердің сұрағына жауап беруден бас тарту қиын» дейді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Бірақ сарапшы президенттің журналистермен кездесуі тікелей эфирде өтпеуіне Назарбаевтың «тосын сұрақтардан сескенетіні емес, ыңғайсыз сауалдар ел ішінде талқы тудыра ма деп алаңдауы себеп» дейді.

— Ол – кәсіби саясаткер. Елдегі демократияға қатысты да, оппозиция жайлы сұраққа да жауабы дайын. Сұрақтың ашық қойылуынан қауіптенеді. Журналистің ешбірі ертең елдің бәрі талқылайтын ешбір сұрақ қоймауы керек. [Ақорданың баспасөз қызметін] алаңдататын да – сол, – дейді Сәтпаев.

«БИЛІК БАҚ-ТЫ ҚҰРАЛЫНДАЙ КӨРЕДІ»

Назарбаевтан ең көп сұхбат алған журналистің бірі, Қазақстан президентінің телерадио кешенінің бұрынғы бас директоры Махат Садық журналистерді президенттің баспасөз хатшысы іріктейтінін айтады. «Кездесуге баратын журналистерге нақты нұсқау беріле ме?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол: «Бұл президенттің баспасөз хатшысына байланысты. Сол кісі шешеді. Президент туралы көп жазатын кісіні шақыруы мүмкін» деп жауап берді.

Оның сөзінше, [бекітілген сұрақтан тыс сұрақ қоямын деген] журналиске шектеу жоқ.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиева.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиева.

— Баспасөз мәслихатына барған журналист «Мен мынадай сұрақ қоямын» десе, ешкім оның қолын кесіп алмайды, аузын жаппайды. Бұл әр журналистің жауапкершілігіне, алған біліміне, креативтілігіне байланысты. Біреудің біреуге «сен сұрақ қойма» дегенін көрген жоқпын, — дейді ол.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиеваның пайымдауынша, «Қазақстан билігі БАҚ-қа демократиялық институт ретінде емес, идеяларын, жоспарлары мен жобаларын халыққа тарататын құрал» деп қарайды.

— Назарбаев кездесудің қалай өтетініне емес, сұхбат арқылы идея айтуға мән береді. Журналистерді жинап, жиын өткізу — посткоммунистік елдерге ғана тән. Еуропа елдерінің президенттері осындай сұхбат өткізеді деп ойламаймын. Олар БАҚ-қа қашан да ашық. Журналистер барлық кездесуге қатысады, — дейді сарапшы.

«ОТБАСЫ ТУРАЛЫ САУАЛ КӨП»

1994-1997 жылдары Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин үкіметінің баспасөз хатшысы болған саясаткер Әміржан Қосанов «президенттің халықпен БАҚ арқылы тікелей байланысқа шықпауының екі себебі бар» дейді.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

— Біріншіден, президент және биліктің басқа тармақтары бұған мүдделі емес. Екіншіден, мұндай демократия талаптарына жат үрдіс биліктің өзінің саяси болмысынан, моральдық-психологиялық сипаттамасынан туындап отыр. Оның үстіне президенттің өзіне, отбасына, жақын айналасына қатысты қойылып жүрген нақты сауалдар шаш етектен. Оларға жауап беруге билік дайын емес, — дейді ол.

Саясаткердің сөзінше, биліктің «бұл әрекетінің салдары бар».

— Бүгінде (Назарбаевтың) ресми БАҚ арқылы таратылатын жауаптарына ешкім сенбейді. Өйткені, ол сұхбаттар кезінде шын мәнінде елді толғандыратын сұрақтар қойылмайды, ащы шындық айтылмайды. Жоғарыға жалтақтап, президенттің қабағына қарап, жеке басқа табынудан аса алмай жатқан ол БАҚ-тың өздеріне де жұрттың сенімі аз, — дейді Әміржан Қосанов.

78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылғы маусымнан бері басқарып отыр. 1990 жылы сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Назарбаевты республика президенті етіп бекіткен. 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, сайлауға жалғыз кандидат болып түскен Нұрсұлтан Назарбаев [ресми мәлімет бойынша] сайлаушылардың 98,7 пайызының қолдауымен Қазақ ССР президенті болып қайта сайланған. Содан бері елде өткен мерзімінен бұрын және кезекті президент сайлауларында Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен.

Дереккөз: Азаттық