Назарбаева сенаттың ұсынысына атүсті қараған үкіметтегі шенеуніктерді сынады  

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Сенат төрағасының пікірінше, инфрақұрылымның дұрыс болмауынан біраз ресурс, оның ішінде судың 40 проценті далаға кетіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 ақпан – Sputnik. Сенаторлар үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, соңғы бірнеше жылдың ішінде сенатта су қауіпсіздігі мәселесі талай рет талқыланған. Ал өткен жылы осы мәселе бойынша парламенттік тыңдаулар ұйымдастырылды. Сол кезде тиісті ұсыныстар әзірленіп, үкіметтің атына жолданды. Атап айтқанда, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су инфрақұрылымының тозуы, су тасқыны мен селге байланысты төтенше жағдайлар, су қорының тартылуы мен ластануы, су ресурстарын дұрыс басқармау, заңнама мен су шаруашылығына қажетті мамандардың тапшылығы сияқты өзекті мәселелер қамтылды.  

«Былайша айтқанда, үкіметке осы саладағы әрбір проблеманы шешудің жол картасы ұсынылды. Алайда өкілетті министрліктердің жауабына қарағанда бірінші басшылар сенаттың ұсыныстарына атүсті қарай салған, нақты шаралар қолға алынбады», — деді Қожамжаров сенаттың бүгінгі отырысында.

Депутаттар өз сауалында премьер-министрден сенаттың ұсыныстарын қайта қарап, соның бәрін іс жүзінде қолға алуды сұрады.

Ал сенат төрайымы Дариға Назарбаева үкімет мүшелерін отырысқа шақыруды ұсынды.

«Осы жерге шақырып, сұрақ қойсақ қайтеді?», — деді Назарбаева.

Осы кезде оның сөзін орынбасары Бектас Бекназаров бөліп жіберді де, сенаттың берген ұсыныстары бойынша жұмыстың қалай атқарылып жатқаны туралы арнайы хат дайындалатынын айтты. Дегенмен, сенат төрайымы маңызды мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтынын жеткізді.

«Бұдан жағдай жақсармайды»: Дариға Назарбаева сенатта маңызды мәселені көтерді

«Негізі, барлық депутаттық сауалды тыңдап қарасақ, негізгі мәселе ол – тозған инфрақұрылым. Су желілері, коммуникациялар, электр желілері, жолдар, көпірлер бар. Сондықтан үкіметке инфрақұрылым мәселелерін бірінші орынға қою қажет. Себебі инфрақұрылымның дұрыс болмауынан біраз ресурсымыз далаға кетіп жатыр. Судың 40 проценті, электр энергиясы және тағы басқа ресурстарымыз зая кетуде. Осымен тығыз айналысуымыз қажет», — деп атап көрсетті Назарбаева.



sputniknews.kz