Назарбаева Қордайдағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады
Сенат спикері үкіметтік комиссиямен бірге Қордай ауданында депутаттар да жұмыс істеп жүргенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Қордайдағы қақтығыс кезінде қаза болған жандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан жоғары палатаның баспаөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккен жандардың тез сауығып кетуіне тілекшімін. Қазақстан халқы үшін бейбітшілік пен келісім басты құндылық болып табылады. Біз бүгін қаза болған жандарды қайғыра еске ала отырып, қоғам үшін бейбітшілік пен келісімнен маңызды ештеңе жоғын ерекше түсінеміз. Осы құндылықтарды өз өміріміздей сақтау әрқайсысымыздың міндетіміз», — делінген хабарламада.
Арандатушылар мен тонаушылар – адамдардың қаны мен қайғысына өмір сүретін қылмыскерлер. Олар анықталып, жазалануы керек, деді Назарбаева.
Спикер Жамбыл облысының Қордай ауданында үкіметтік комиссиямен бірге сенат депутаттары да жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Қордайдағы қақтығыс
7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне «Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.
Тағы оқыңыз: Дүнген баласы Тоқаевқа видео жіберді – президент не деп жауап берді?
Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған.
Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілді.
Кеше ұсталған адамдардың көбісін босатты. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, жаппай тәртіпсіздіктерден 10 адам көз жұмған. 165 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 25-і Қырғызстанда.
Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди өрттен 25 жер үй, 31 коммерциялық нысан жне 41 автокөлік зақымданғанын хабарлады.
Тоқаев не деді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыру керек екенін айтты.
Тағы оқыңыз: Қордайдағы оқиғадан кейін төтенше жағдай жарияланды
Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.
9 ақпанда мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында тағы бір жазба жариялады. Тоқаев Қордайдағы қақтығыс кімнің кесірінен болғанын айтты.
«Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы арқасында арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!», -деп жазды президент.
sputniknews.kz