Назарбаева Қазақстаннан 300 миллион доллар алып, Лондоннан үй мен жеке ұшақ сатып алған
Қазақстанның тұңғыш президентінің кенже қызы Әлия Назарбаева 2000 жылдары елден 300 миллион доллардан астам ақша шығарып, Лондонда зәулім үй мен жеке ұшақ сатып алған. Бұл туралы The Telegraph басылымы жазды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Газеттің хабарлауынша, Назарбаева қаржылық менеджерлеріне 25 миллион долларға Challenger Bombardier жеке ұшағын, 8,75 миллион фунтқа Лондонның солтүстігінен үй (Ұлыбританияда тұруға рұқсат алу үшін) және Дубайдан 14 миллион долларға жылжымайтын мүлік сатып алуды тапсырған. Соның ішінде Палм-Джумейра жасанды аралындағы вилла да бар.
Бұл ақпарат Назарбаева мен оның бұрынғы менеджерлері арасындағы жанжалдан кейін белгілі болды. Ол 2016 жылы Лондонның Жоғарғы сотына арызданған. Қазақстанның тұңғыш президентінің қызы оларды заңсыз байыды және қаржы жымқырды деп айыптап, 165 миллион фунт стерлинг талап етті. Талап тараптардың келісімімен қанағаттандырылған.
2006 жылы Назарбаева менеджерлердің біріне қазақстандық компаниялардағы үлестердің бір бөлігін сатып, шамамен 325 миллион доллар алғанын айтқан. The Telegraph басылымының жазуынша, осыдан кейін кеңесшілер оған Қазақстаннан Виргин аралдары мен Лихтенштейндегі оффшорлар арқылы ақша шығаруға кеңес берген. Сондай-ақ олардың ұсынысы бойынша Назарбаева Швейцариядағы CBH Bank жеке банкіне 51 пайыздық үлеске айырбас ретінде 108 миллион доллар инвестициялады деген болжам бар.
«Кеңес берушілердің бірі оған қоғамдық саяси тұлға болғандықтан банктік есепшот аша алмайтынын айтып, «банкті сатып алу» арқылы бұл мәселені шешуге кеңес берген. Назарбаеваның ақшасы сонымен бірге Эссекстегі облигацияларға, инвестициялық қорларға және несиелік компанияға салынған, Қазақстаннан 312 миллион доллар шығарылған», — деп жазады газет.
Кейінірек Назарбаева бұрынғы менеджерлерін келісімде келісілгеннен көп пайда тапты деп айыптап, олар қарсы болғанымен Хэмпстедтегі тұрғын үй кешеніне инвестиция салады. Сондай-ақ ол 75 миллион швейцариялық франкті заңсыз иемденгендерін мәлімдеді.
Назарбаева журналистерге түсініктеме бермеді. Ал оның бұрынғы менеджерлерінің баспасөз хатшысы оларға тағылған айыптардың алынып тасталып, тараптар бітімгершілік келісімге келгенін айтты.
«Назарбаева ханымның ақшасы заңсыз жолмен алынған деген болжам жоқ, дегенмен қазақстандық комментаторлар оның байлығының елден қалай шығарылғаны туралы сұрақ туындағанын айтып отыр», — делінген хабарламада.
Әлия Назарбаева кино өндірісімен айналысып, Қазақстан президентінің әкімшілігінде жұмыс істеген болатын.
Қаңтардың 7-сі күні Orda.kz сайты дереккөздерге сілтеме жасап, Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қыздарының Қазақстаннан отбасымен кеткені туралы хабарлады. Басылымның жазуынша, елде тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаев қана қалған.
Ал қаңтардың 8-і күні Нұрсұлтан Назарбаев елдегі наразылық акцияларына алғаш рет түсініктеме беріп, Қазақстаннан шықпағанын айтты.
Бұдан бөлек 6 қаңтарда The Insider басылымы Нұр-Сұлтаннан құпия ұшақ Назарбаевтар отбасының мүлкі орналасқан Дубайға қонғанын жазды. Ал 7 қаңтарда қырғыз ақпарат құралдары Назарбаевтар отбасының екі ұшағы Қырғызстанға келгенін хабарлады.