Назарбаева өзі басқарған комитеттің төрағалығына Мұхтар Құл-Мұхаммедті ұсынды
Қысқа сілтеме алу
Сенат депутаттары Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын бірауыздан қолдады
НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Мұхтар Құл-Мұхаммед сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Бұған дейін комитетті Дариға Назарбаева басқарған еді.
Жоғарғы палатаның төрайымы өзі басқарған комитеттің төрағалығына Мұхтар Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын ұсынды.
«Мұхтар Абрарұлы – белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, мемлекеттік хатшы, министр, облыс әкімі болып аса жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Білімді, білікті және тәжірибелі депутат. Баршыңыз менің ұсынысымды қолдайсыздар деп сенемін», — деді Назарбаева.
Отырысқа қатысып отырған 43 депутат Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді.
Тағы оқыңыз: Дариға Назарбаева туралы қызықты деректер
«Бүгінгі көрсеткен қолдау мен сенім – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық күш-жігерімді осы сенімді ақтауға жұмсайтын боламын», — деп сендірді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
sputniknews.kz