Назарбаева-Нығматулин тандемі журналистерді сатып ала бастады – телеграм арна
“Беркут под солнцем” (BPS) телеграм арнасының жазуынша соңғы кезде ағайынды Нығматулиндер ақпараттық кеңістікте белсенділік таныта бастаған. Бұл туралы Dalanews.kz сайты жазды.
2023 жылғы 27 қазанда бұлар БАҚ өкілдері арқылы Бас прокуратураға сұрау салғызып, ҰҚК-ның экс- төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың Гүлжан Ерғалиеваға берген сұхбатындағы сөзін жоққа шығаруға қол жеткізген. Естеріңізде болса, Шабдарбаев Қаңтар оқиғасына тікелей Нұрлан Нығматулинді айыптаған.
“Қаңтарда Тоқаевты елден кетуге үгіттеген Мәсімов емес, Нығматулин”, – деген еді ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы.
Телеграм арнаға белгілі болғандай өтініштер Total.kz (иесі – Эльдар Шамсутдинов ), Toppress.kz (Ержан Бағдатов ) секілді ақпарат құралдарының тарапынан түскен, артынша Бас прокуратура Шабдарбаевтың сөзін теріске шығарып мәлімдеме жасаған.
“Бұл мәліметті іле-шала Nur.kz пен Zakon.kz қағып әкетті. Аталған медиа агенттіктердің қожайындары Қуат Бахридинов пен Сергей Киселев Дариға Назарбаеваға жұмыс істейді”, – дейді BPS.
21 қазанда «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов “Адал Адамға” берген сұхбатында Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулин мен Мәжілістің экс-депутаты Ерлан Нығматулиннің рейдерлік әрекеттерін мысалға келтірген.
“Осы сұхбаттан кейін көп ұзамай Zakon.kz порталында Қарағанды облысының бір топ кәсіпкері “Атамекен” басшысы Райымбек Баталов және Ақпарат министрі Аида Балаеваның атына үшбу хат жолдап, соңғы кезде интернет-ресурстарда Ерлан Нығматулинге жасалған көпе-көрнеу шабуылдың жиілеп кеткеніне шағымданды. Бұған айғақ ретінде ҚазТаг, Masa media, Эксклюзив секілді бірқатар басылымдарды алға тартып, ағайындылардың ар-намысына тиетін контентті алып тастауды талап етті. Нығматулиндермен бетпе-бетпе келуден қаймыққан кейбір агенттіктер БАҚ туралы заңға үңілмей жатып, ақпаратты алып тастады. Негізінде, әлгіндей контенттің дұрыс-бұрыстығын тек сот қана анықтауға тиіс”, – деп жазады телеграм арна.
BPS-ке мәлім болғандай кәсіпкерлер үндеуі телеграм кеңістікте, соның ішінде танымал Proкадры.kz арнасында жарияланған.
“Бұл іске кәсіби мамандардың атсалысқаны айқын білінеді. Дариға Нұрсұлтанқызы мен оның “оң қолы” Айдар Жұмабаев басқаратын медиа пул Жаңа Қазақстанға тойтарыс берді. Ескі Қазақстанның өзге де өкілдеріне активті қалай арашалау керектігін көрсетті.
Айтқандай, біздің поштамызға түскен мәлімет бойынша, ағайынды Нығматулиндер Orda, Ulysmedia және Press.kz секілді ақпарат құралдарына ақша ұсынып, Жаңа Қазақстанның кем-кетігін қазбалайтын “негатив блогын” сатып алған. Қызмет көрсету құны 20 млн мен 50-млн айналасында. Қарағандыдағы кәсіпкерлер үндеуін бұлар да басқан болатын”, – дейді телеграм арна.
фото: dalanews.kz