Назарбаева Нұр-Сұлтанда болған оқиға туралы айтты

0

Парламент сенатының спикері электр энергетикасын басқарудағы қателік үшін тұрғындар шығынданып жатқанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан — Sputnik. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева энергетика саласының өкілдерімен кездесті. Ол астананың сол жағалауы жарықсыз қалған ірі апат мәселесін қозғады.

«Қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды. Біз осы мәселеге не себеп болғанын білейік деп едік. Сол жағалаудың коммуникациясы мен инфрақұрылымы жасалғанына көп уақыт болған жоқ. Олар апаттық жағдайда деп айта алмаймыз», — деді ол.

«Астана РЭК» АҚ басқарма төрағасы Серік Балқышев электр желілерінің зақымдалуына байланысты мониторинг жасалғанын жеткізді. Апатқа иесіз тұрған желілер мен трансформаторлық қосалқы станциялар себеп болған.

Көппәтерлі тұрғын үй кешендері қолданысқа тапсырылған соң құрылыс компаниялары үйдегі инженерлік коммуникацияларды қызмет көрсету компанияларына береді.

«Ал сырттағы электр желілері иесіз қалады. Ешкім күзетпейді, қызмет көрсетпейді. Салдарынан қосалқы станцияның құрал-жабдығы ұрланады, кейін істен шығады. Қазіргі уақытта сырттағы инженерлік желілерді мамандандырылған ұйымдарға тапсыру ісі нормативтік-құқықтық актілермен реттелмеген», — деді ол.

Тағы оқыңыз: Дариға Назарбаева Елбасыдан бұрын сөйлеп, қайдан қауіп төніп тұрғанын айтты

Дариға Назарбаева мұндай иесіз желілердің пайда болуына жол бермеу керек екенін жеткізді.

«Біз кәсіпкерлік кодексті қайта қарастыруымыз керек. Қандай мәселені көтермесек те, бақылау жоқ екені анықталады. Технологиялық тізбек кемшілікке толы, бұл кез келген уақытта адамдардың денсаулығы мен өміріне зиян келтіруі мүмкін», — деді Назарбаева.

Нұр-Сұлтан қалай жарықсыз қалды?

Елорданың сол жағалауы 2019 жылдың 10 қарашасы күні түнгі сағат 2-ден бастап жарықсыз қалған болатын. Оған «Левобережная» қосалқы станциясындағы авария себеп болған. Белгілі болғандай, станцияның қосалқы каналынан өрт шыққан. Өрт сөндіру бригадаларын тоқ соқпауы үшін кабель желісіне қосылған тұтынушылар тоқтан ажыратылды.

Апат салдарынан сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, үкімет, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі, Жоғарғы сот жарықсыз қалды.

11 қараша күні таңертең қала билігі апат салдары жойылып, үйлер мен әкімшілік ғимараттарға жарық берілгенін хабарлады. 



sputniknews.kz