«Назарбаева депутаттық иммунитетін елдегі активтерін шығарып әкетуге пайдалануы мүмкін»

0

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы – Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қаңтардағы қырғыннан соң төбе көрсеткен жоқ. Бұған дейін оның әріптесі Айдос Сарым «Д.Назарбаева өкілеттігін өткізуі керек» деген. Алайда Д.Назарбаева үнсіз, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Қалыптасқан жағдайға байланысты ол (Д.Назарбаева – ред.) ол отставкаға кетуі керек деп есептеймін», – деді Мәжіліс депутаты А.Сарым.

«Дариға Нұрсұлтанқызы не себепті өкілеттігін өткізіп, отставкаға кетпей жүр? Ол қазір қайда?» деген сұрақтарға әлі жауап жоқ.

Мәжілістегі тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Дариға Назарбаеваның өкілеттігін әлі өткізбей жүргенінің себебі депутаттық иммунитетін барынша созып, елдегі активтерін шетелге шығарып әкетуге тырысуы мүмкін.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы заңның 32-бабы «Депутатқа ешкімнің тиіспеуі» деп аталады. Бұл бап бойынша Парламент депутатын өкілеттік мерзімі ішінде тиісті Палатаның келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

Дариға Назарбаева осы иммунитетін барынша созып, өз қажетіне жаратып, бәлкім, елдегі активтерін шетелге шығарып әкетуге пайдаланғысы келуі әбден мүмкін. Оның өкілеттігін өткізбей, созбалаңға салуын басқаша түсіндіру мүмкін емес», – дейді тұрақты оқырманымыз.