Назарбаева: Балаларға жыныстық қатынас туралы 13 жастан бастап айту керек

0
1062

Дариға Назарбаева балаларға жыныстық қатынаста сақтанудың маңыздылығын 11-13 жастан бастап ата-анасы үйрету керек дегенді айтуда. Сондай-ақ, сенатор жастармен отбасын жоспарлау мен сақтап қалу туралы Алматыдағы кездесу барысында әңгіме қозғады деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото NUR.KZ

Келесі жылды жастар жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Сенатор осы орайда жас буынның идеялары мен пікірін тыңдауды жөн санапты. Кездесуге келген кардиохирург отбасын жоспарлау бағдарламасын жасау туралы ұсыныс білдірді.

«Отбасын жоспарлау тек балалар көзімен ғана жүзеге аспауы тиіс. Бізде қазір ажырасатындар өте көп, салдарынан балалар зардап шегуде. Отбасын құру бір-бірі үшін ғана емес, перзенттері үшін де арқалайтын үлкен жауапкершілік», – дейді ол.

Дариға Назарбаева шетелдегі тәжірибені мысалға келтіре отырып, балалардың санасын ерте жастан ояту керектігін алға тартты.

«Қаншалықты ертерек бастасақ, соншалықты жақсы нәтиже береді. 18 жасты күтіп отыра бермей, 11-13 жастан бастап контрацепция туралы түсіндіру керек. Себебі кеңестік кезде болмаған жыныстық қатынастың жарнамалары қазір ғаламторда толып тұр.

Отбасы тұрмыстық мәселелерден шайқалып жатады. Ал бірге тұрған соң екінші адамды басқаша қырынан тани бастайсың. Бұл – өмір. Егер толыққанды отбасы бар бақытты адам болсаңыз, өз ата-анаңызға қараңызшы.

Бастапқы кездегі жалындаған махаббат басылып қалса, бұл ажырасу керек деген сөз емес. Бірнеше рет отбасын құрған адамдардың өзі өмірінде барлығы қайталана беретінін айтады», – дейді Дариға Нұрсұлтанқызы.