Назарбаева: Азаматтардың еркін таңдау жасауы

0

11 сәуірде өткен парламент сенатының жалпы отырысында сенат спикері Дариға Назарбаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін құптайтынын айтып, «Алдағы сайлау халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын» деді.

Оның сөзінше, «президент сайлауы ел дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз».

— Сайлауалды науқанын Қазақстан заңнамасына сай өткізуге көмектесу — біздің ортақ міндетіміз. […] Азаматтардың еркін таңдау жасауы — тәуелсіз Қазақстанның үлкен жетістіктерінің бірі. Біздің ортақ міндетіміз — Қазақстан президенті сайлауын ашық, заңды әрі әділ өткізуді қамтамасыз ету, — деді Дариға Назарбаева.

Тоқаев 9 сәуірде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы биыл 9 маусымда өтетін жариялаған.

Тап сол күні басылымдарда Назарбаеваның көмекшісі Сәуле Мұстафаеваның «Дариға Нұрсұлтанқызы 9 маусымдағы сайлауға түспейді» деген сөзі тарады.

Артынша Zakon.kz ақпарат агенттігі Назарбаеваның «сайлауға Конституция мен заңдарға сай кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ал сайлауға түсетін кандидаттарды саяси партиялар анықтайды» деген сөзін жариялады.

Назарбаева «Нұр Отан» партиясы тарапынан ұсыныс жасалса, оны қабылдайтынын я қабылдамайтынын айтпаған.

Оқи отырыңыз: Президент қызының саяси мансабы

55 жастағы Дариға Назарбаева 2016 жылы қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен сенат депутаты болып сайланып, кейін сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін доғарған күні үлкен қызы Дариға Назарбаева мемлекетті басқару жүйесіндегі екінші тұлғаға айналған.

Бір кездері өзі құрған саяси партияны басқарып, ақпарат агенттігіне басшылық жасаған Назарбаеваның саяси өмірден алшақтап қалған кезі де болған. 2007 жылы күйеуі Рахат Әлиевке адам ұрлау, заңсыз ұстау, азаптау және кісі өлтіру, тіпті мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну тәрізді айыптар тағылды. Қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен араздасқан Әлиев шетелге кетуді ұйғарды. Осыдан кейін Дариға Назарбаева біраз уақыт саясат алаңынан көрінбей кетті. Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Azattyq