Назарбаев үкіметтің арнайы отырысын өткізуді ұсынды
Қысқа сілтеме алу
Елордада Назарбаев пен Тоқаевтың қатысумен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің арнайы отырысын өткізу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Мен алдағы айларда үкіметтің арнайы отырысын өткізуді ұсынамын. Оған мәжілістегі «Nur Otan» партиясының фракциясы қатысуы қажет. Сол жерде қалған мәселелерді талқылауға болады. Асқар Ұзақбайұлы (Асқар Мамин — үкімет басшысы), одан үкімет ұтады. Сол кезде жұмыстың нәтижесін ашық жариялап, шешілмеген мәселелерге басымдық беру керек», — деді Назарабаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
©
Sputnik / Стрингер.
Назарбаев пен Тоқаевтың қатысумен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр
Оның айтуынша, мәжілісте үкімет мен фракция бірлесіп жұмыс істеуі керек. Себебі екеуі де бір мақсатты көздейді. Ол – халықтың әл-ауқаты.
«Бөліп істейтін ештеңе жоқ. Барлығымыздың істейтініміз бір шаруа. Біздің барлық шешімдеріміз халықтың мүддесі үшін қабылданады. Демек, соның бәрін бірлесіп шешуіміз керек. Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасы мен президенттің берген барлық уәделерін орындауды қатаң бақылауға алған жөн. Халық партияның жұмысын сезуі керек», — деп атап көрсетті Назарбаев.
Айта кетейік, елордада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы мен партияны қайта жүктеудің негізгі бағыттары талқылануда. Бұдан бөлек, саяси кеңес бюросына жаңа мүшелер қабылдау жоспарланып отыр.
sputniknews.kz