Назарбаев: Түркістан 300 мың адамы бар шаһарға айналады

0
28 Желтоқсан 2018, 22:58 202 0

Фото: Tengrinews.kz

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдерімен кездесу барысында миллион тұрғыны бар қалалар санын арттыру керектігін айтты.

«Түркістан – біздің тарихи орталығымыздың бірі. Бұл жерде өте үлкен шешімдер қабылданған. Қазірдің өзінде ол жерде хандарымыздың, белгілі батырларымыздың сүйегі жатыр. Түркістан – түркі дүниесінің орталығы болып саналады. Қожа Ахмет Яссауидің ілімін қастерлейтін жұрт көп. Быртырдың өзінде ол жаққа 150 мыңға жуық туристер барды. Шымкент қаласының тұрғындары миллион болғанымен, біз оны тікелей орталыққа бағынатын қала деп алдық та, Түркістан қаласын облыс орталығы еттік. Құдай бұйырса, ол жерде тағы бір үлкен қала пайда болады. Түркістанды көтерсек, аз жылдың ішінде 300 мың адамы бар шаһар болып шығады. Ол – біздің рухани, тарихи қаламыз болып қалады. Мен қала құрылысын бекіттім. Әкімшіліктің орталығы, барлық департамент, үй, мәдениет құрылысы, оның ішінде бірнеше музейлер құрылу мәселесі қаралған. Түркістан туристерді тартатын үлкен қала болып шықса, қандай арман бар?!» — дейді Мемлекет басшысы.

Ол Қазақстанда миллион тұрғыны бар қалаларды көбейту керектігін айтты.

«Бізге миллион тұрғыны бар қалалар керек. Ондай қалаларда білім, ғылым, мәдениет дамиды. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Елімізде миллион тұрғыны бар үш қала бар, ендігі миллион тұрғыны болатын қала – Ақтөбе немесе Қарағанды. Осылайша миллион тұрғыны бар қалаларды көбейте беру керек. АҚШ тұрғындарының 2 проценті ғана ауылды жерлерде тұрады. Олар ауыл шаруашылық өнімдерін өздері тұтынып қана қоймай, экспорттайды. Ал бізде халықтың 43 проценті ауылда тұрады, бірақ олардың 20 проценті ауылда тұрақты түрде өмір сүрсе, қалғаны қала мен ауыл арасында жүріп жұмыс істейді», — дейді Елбасы.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:

Дереккөз: BAQ.KZ