Назарбаев телекөпір барысында кәсіпкерлерге тапсырма берді
Президент отандық тауарларды пайдалануға шақырды
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге жеңіл өнеркәсіпті дамытуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы киім-кешек пен түкке қажетсіз ұсақ-түйек заттарды сырттан тасымай-ақ, Қазақстанда да шығаруға болатынын айтты.
«Біз қиялданып жүрміз, бізге зауыт салу қажет, көлік жасау керек. Ал адамдарға қарапайым заттар қажет. Біз бәріміз шет елдің қымбат киімін киеміз. Оны неге өз елімізде тікпеске?», — деді Назарбаев индустрияландырудың екінші бесжылдығына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында.
Президент бүгінде отандық жеңіл өнеркәсіп сапалы тауар өндіретінін атап өтті.
«Өзіміз жарнамалай алмаймыз, отандық тауарларды пайдалануды білмейміз», — деді Назарбаев.
Осы орайда мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына аталған мәселеге баса назар аударуды тапсырды.
«Кеңес одағы кезінде біз өңдеуші емес, өндіруші республика болдық. Индустрияландыру жылдарында 1250 жаңа кәсіпорынды іске қостық, оның ішінде 100-і биыл ашылып отыр. Мұның артында қаншама еңбек, қаншама ақша жатыр. 300 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінде 1,5 миллион адам осы кәсіпорындардың арқасында табыс тауып отыр», —деді Елбасы.
Назарбаев телекөпір барысында «ақылды» диірменді іске қосты
Назарбаев әлемнің 110 мемлекеті Қазақстанда өндірілген өнімді тұтынып отырғанын айтты.
«Негізгі нарықтар – Қытай, Ресей, Орталық Азия, ЕО елдері. Соңғы жылдары біз өнімнің 500-ден астам түрін шығара бастадық. Бұған дейін Қазақстанда олардың бірде бірі өндірілмеген», — деді президент.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/