Назарбаев та, Құлыбаев та аман-есен жүр, ешқандай өзгеріс жоқ! — Мұхтар Тайжан (ВИДЕО)

0

Қалың елдің қабырғасын қайыстырған «Қанды қаңтарға» тура бір жыл… Осы уақыт аралығында елімізде ауыз толтырып айтарлықтай жаңа өзгерістер орын алды ма? «Әділеттілік орнатылмады, сот жүйесі өзгермеді. Назарбаев та, Құлыбаев та аман-есен жүр, ешқандай өзгеріс жоқ». Бұл пікірді белгілі экономист, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты. 

Құлыбаевтар аман-есен жүр, әділеттілік орнатылды деп айта алмаймыз

«Менің сезуімше, халық риза емес. Осы өткен жылда халық ойлағандай билік, әсіресе президент Тоқаев мырза ауыз толтырып айтарлықтай реформа жасаған жоқ. Уәде бергендей сот жүйесі өзгермеді. Сол баяғы жартас… Менің ойымша, әділеттілік орнатылған жоқ! Өйткені, сол баяғы олигархтар әлі де жүр. Инаугурация кезінде бірінші қатарда түгел ең ірі олигархтар отырды. Сол инаугурацияның төрінде Назарбаевтың өзі отырды. Оны бәріміз көріп, куә болдық. Құлыбаев та аман-есен жүр. Басқалары да жүр. Иә, біразына тиісті, отырғызды. Бірақ негізінде жүйе өзгерген жоқ. Әділеттілік орнатылды деп айта алмаймыз. Президент 2022 жылдың басында қаңтар айында, тура бір жыл бұрын өз сұхбатында: «Ешқандай Конституцияға президент мерзімдері бойынша өзгерістер енгізілмейді. Конституцияда қалай жазылды, біз сол Конституция бойынша сайлау өткіземіз» деп айтқан еді. Бірақ сөзінде тұра алмады. Өйткені қараша айында конституциялық мерзімге сәйкес емес кезектен тыс президенттік сайлауын өткізіп алды. Міне, реформа! 7 жыл отыра ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ, өзі солай шешіп отыр»,- дейді Мұхтар Тайжан.

«Самұрық-Қазынаға» ешкім оған тиісіп жатқан жоқ

«Сот жүйесі сол қалпыда. Ешқандай аса өзгерістер жоқ. Сот жүйесі әділетті болуы үшін судьялар сайлануы керек. Біз ондай шешімді көріп жатқан жоқпыз. Экономикамызға зиянды институт — «Самұрық-Қазына» әлі де сол қалпыда, ешкім оған тиісіп жатқан жоқ. Бүгінгі депутаттар анау Назарбаев «Нұр Отанның» төрінде отырған кезде тағайындалған депутаттар. Әлі де отыр. Жер мәселесіне келсек, «Жер аманаты» деген комиссияны құрды. 5 млн гектар жерді қайтардық деп айтты. Егер мұндай ақпарат шындыққа жанасатын болса, онда сол қайтарылған жер учаскелерінің кадастрлық нөмерлерін неге жарияламайсыздар? Оны жариялауға болады ғой. Сонда біз кадастрлық нөмер бойынша қай учаскілер қайтарылғанын анықтай аламыз. Өйткені, жергілікті жер белсенділері маған бұл ақпаратты растамайды. Олар қайтарылып жатқан жерлерді көріп жатқан жоқ. Сондықтан халық мұндай ақпаратқа сенбейді деп айтсам артық болмайды», — дейді қоғам белсендісі. 

Саяси тұтқындар қамауда, жүйе сол қалпында

«Саяси тұтқындар… Мысалы, Ермек Нарымбай Назарбаев кезінде сотталды, қазір де Тоқаевтың заманында отыр. Жанболат Мамай Назарбаевтың кезінде сотталды, Тоқаевтың кезінде әлі де сотталып жатыр. Марғұлан Боранбай ол да Назарбаевтың кезінде отырды, әлі де отыр. Данат Намазбаев та Назарбаевтың кезінде отырды, Тоқаевтың да заманында отыр. Жүйе өзгерген жоқ деп есептеймін. Әлі де сол қудалау, әлі де сол полиция белсенділерді үйлерінен алып кетеді. Не ол? Қандай өзгеріс? Мен ешқандай өзгеріс көріп жатқан жоқпын. Экономикамызға, болашағымызға өте қауіпті ЕврАзЭС-тен шығамыз деген сыбыс та жоқ. Бірақ, шықпасақ болашақ бұлыңғыр болады. Ешқандай түбегейлі өзгерісті көріп жатқан жоқпын», — дейді Тайжан.

«Қанды қаңтарға» қатысты шындық әлі ашылмады

«Қанды қаңтар оқиғасы бойынша айтатын болсақ. Шындық әлі ашылған жоқ қой… Әлі де ашық тергеу болған жоқ. Мынау сот Мәсімов кінәлі дейді, басқалары кінәлі дейді. Бірақ олардың соттары жабық. Егер олар халыққа қарсы қастандық жасайтын болса, төңкеріс жасаймыз деп әрекетке баратын болса, онда бұл сол халыққа айқын болуы тиіс емес пе?! Онда халық білуі керек қой. Сондықтан ешқандай сенім жоқ. Иә, мен де Тоқаевқа сендім. Ол да білімді, көзі ашық, көкірегі ояу шенеунік… Білімі зор, танымал жазушының баласы деп ойладым. Мына Қазақстанды өркениетке апарады деп үміттендім. Бірақ өткен жылы көрсетті… Түк болып жатқан жоқ! Тек жалған әрекеттер, жалған мәлімдемелер… Ауыз толтырып айтарлықтай  ешқандай өзгеріс айта алмаймын… Себебі, оны көріп жатқан жоқпын да…», — дейді экономист. 

Жаңа жыл халқымызға шынайы әділеттілік әкелсін 

«Ал енді ауызбіршілік туралы айтатын болсақ… Ауызбіршілік былай бар деп есептеймін. Бірақ қоғамымызда әлбетте ашық пікір талас, ашық диспут, дискуссия, дебат болуы тиіс. Өйткені шындық пікірталаста ғана ашылады деген сөз бар ғой. Менің ойымша, негізгі мәселелер бойынша қоғамда ауызбіршілік бар секілді… Біз де ұлтшылдар дейміз. Белсенділер, саясаткерлер дейміз… Біз де қолымыздан келетін әрекеттерді жасап жатырмыз. Әлбетте қолымызда билік жоқ. Аса көп мүмкіндігіміз де жоқ. Бірақ біздің жұмысымыз мәселелерді зерттеу және халыққа ашық шындықты жеткізу. Біз осымен айналысып жүрміз. Ол да жұмыс деп айтуға болады. Күнделікті жұмыс. Жаңа жыл халқымызға бақыт әкелсін! Шынайы әділеттілік әкелсін! Халқымыздың ынтымағы зор болсын! Балалардың болашағы баянды болсын!», — деп аяқтады сөзін ұлт жанашыры Мұхтар Тайжан.