Назарбаев: Қазақтар – ең толерантты халық — новости Казахстана

0

Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанда 130 ұлт пен 18 діни ағым бар екенін алға тартқан. Елбасы қазақ халқының толеранттығын ел тарихымен байланыстырған деп хабарлайды Sputnik-Қазақстан.

Фото: kp.kz

Фото: kp.kz

Елбасының айтуынша, қазақтардың өзге халық өкілдеріне деген сыйластығы орналасқан жеріне ғана байланысты емес.

«Еуропа мен Азия арасындағы көпір жалғыз Қазақстан емес. Ресейді де жатқызуға болады. Түркия да қақ ортада тұр. Ұлы Жібек жолы да біздің территориямыз арқылы өткен. Шығыстан Батысқа қарай ежелгі тайпалар қоныс аударған. Олар Алтайдан Жерорта теңізіне дейін қоныстанған, кейін Түркі қағанаттары пайда болды. Біз осы мемлекеттердің ұрпағымыз, көшпенділерміз. Олар осы аймақта экономиканың көшпенді түрін сақтаған», — деді мемлекет басшысы.

Президент қазіргі Қазақстан аумағында қоныстанған халықтардың әрқайсысы өзімен бірге белгілі бір мәдениетті, дінді, тілді алып келгенін атап өтті.

«Мұндай толеранттылық – көп ғасырға созылған тарихымыздың жемісі. Қай қазақты алсаң да, ол басқаларға қарағанда анағұрлым толерантты болып шығады», — деді Елбасы.

Қазақстанда 130 ұлт өкілдері тұратынын баса айтқан президент, олардың арасында ешқандай мәселе туындамайтынын алға тартты.

«Бірлікте, тең құқықта өмір сүру – бұл береке, дамуға көмектеседі, теңдікке тәрбиелейді», — деді ол.

Елбасы Қазақстанда 18 ресми конфессия барын еске алды. Сондықтан жақында Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне 60-тан астам ел өкілдері жиналған.

«Астанада православ шіркеуін, католиктердің шіркеуін, мұсылман мешітін, еврей синагогасын, будда ғибадатханасын көруге болады. Адамдар өздері сенетін құдайға сыйынады. Ешкімнен қорықпайды. Бейбітшілікте өмір сүру – үлкен бақыт», — деді Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев өркениеттерді жақындастыруда конфессия аралық диалогтардың ықпалы зор екенін баса айтты.

«Қазақстандықтардың, қазақтардың толеранттылығы мен кішіпейілдігінің арқасында, біз бірлікте пен тыныштықта өмір сүреміз», — деді Қазақстан президенті.