Назарбаев Қазақстанның болашағын қалай елестететінін айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінде президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын жариялады

АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағын қалай елестетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Мен бүгінгі сөзімді сіздердің әрқайсыңызға арнаймын. Еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жетістікке жететінімізге сенемін. Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін? Болашақ қазақстандықтар білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыратынына нық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар дүниені шарлайды. Олар жаңа білім алуға құштар. Олар – еңбексүйгіш. Олар – өз елінің нағыз патриоттары», — деді Назарбаев өз мәлімдемесінде.

Ол Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналатынына сенетінін айтты.

«Бұл – бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді», — деді Елбасы.
Назарбаев Қазақстан дұрыс жолмен келе жатқанына сенім білдірді.

«Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды. Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айрыламыз. Сүйікті отанымыз – Қазақстан жасасын», — деді ол.

Айта кетсек, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жасап, президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын жария етті.

Президенттің өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріледі.



sputniknews.kz