Назарбаев қазақстандықтардың түсіне не үшін кіреді? — Қазақстан жаңалықтары
Түс көрудің адам өміріне, тұрмысына, ішкі жан — дүниесіне айтарлықтай әсері бар. Түсінде көрген құбылыстар өңінде қайталанып жататын жағдайлар да аз емес. Ал түсіңізде президенттер мен танымал жұлдыздарды көрсеңіз не болады? Stan.kz психоаналитик пікірін назарларыңызға ұсынады.
Бану, журналист, 27 жаста: Түсімде екі рет Путин мен Назарбевты көрдім. Бір мәжілісте ма, конференцияда ма жүр екенбіз деймін. Бірақ, түсімде өз елімнің басшысымен емес, Путинмен жақсы таныс екенбіз.
36 жастағы Астана тұрғыны Жанат түсіне жуырда Ресей президенті Владимир Путин кіргенін айтады. Түсінде әлі тұрмыс құрмаған екен, Путин қырындап жатыр дейді. «Аяғының тырнағын саңырауқұлақ шалған екен. Оны көріп жиіркеніп қалдым. Сондай алпауыт державаның президенті, неге күтінбейді деп. Менен оған не керек екен деп таңырқап жүрмін. Мұның барлығы өзімнің туған жерім Арқалық қаласында орын алып жатыр екен. Ол арнайы мен үшін қаңырап қалған гимназия ғимаратын қайта салыпты. Одан да бүкіл қаланы қайта жаңғыртса екен деп қоям (Арқалық қаласы бұрынғы Торғай облысының орталығы – ред.).
Ерік Жансейітов, 56 жаста: Назарбаевты түсімде жиі көремін, біздің үйге қонаққа келіп тұрады, біз абыр-сабыр болып қуанып қарсы алып жүреміз. Бізбен сөйлесіп, қал-жағдайымызды сұрап жатады.
Қазақ ұлттық университетін биыл тәмамдайтын 21 жастағы Жанна түсінде анау-мынау емес, АҚШ президенті Дональд Трампты көріпті.
«Сол күні Дональд Трампты көп ойлап, оның саясаткер ретіндегі біліктілігіне таң қалып және көпшілік неге оны жақтыртпайды деген сұраққа көп ойланып едім. Сол түні ол түсіме кірді. Түсімде Дональд Трамптың жақын араласатын адамы екенмін. Екеуміз көрші екенбіз. Ол жоғары қабатта, мен астыңғы. Подездьде көрген сайын бір-бірімізге сәлеміміз түзу. Бірақ мен қазақстандық болған соң, мен оны астыртын бақылап, Американың құпиясын біліп алуды көздеп жүрмін. Күн сайын білген ақпараттар мен Америка жасап шығарып жатқан мега күшті таблеткаларды құпия туннель арқылы Қазақстанға жібереді екенмін. Менен сезіктенген Трамп менің көзімді құрту үшін сиқыршыны(чародейка ред.) жалдаған екен.
Артынан аңдып жүргенде Трамп теңізге келіп, қайыққа отырады. Мен артынан аңдып жүзіп келе жатырмын. Жағадан алыстап кеткенде Трамп сиқыршыны үш рет атап шақырды да, өзі кері бұрылып кетеді. Мен сол кезде бұл өзіме құрылған тұзақ екенін түсініп, оянып кеттім», -деп суреттейді Жанна шым-шытырманға толы түсін.
Ал 22 жастағы Айару есімді алматылық ару түсінде президенттерді көрмейді, есесіне түн ұйқысына кеткенде Голливуд жұлдыздарымен аралас-құралас болады.
«Бәлкім, кино саласына көп қызығатындығымнан болар, түсімде Голливуд жұлдыздарын көп көремін. Том Круз, Леонардо ДиКаприо, Том Харди, Кейт Уинслет, Дженнифер Лоуренс түстеріме кіріп тұрады. Түсімде олармен бірге бір түсірілім алаңында жүріп, кино түсіруге көмектескенім есімде. Жаныма келіп бірнәрсені сұрайды. Бірақ өзімнің қалай жауап беретінімді білмеймін. «Том Крузды кездестірсем осындай сұрақтар қоямын» деп ойлайтынмын, сол сұрақтарға түсімдеТом Круз жауап берген. Ал актрисалармен неге екені белгісіз сөзге келіп қаламын».
Психоаналитик Қарлыға Бүйенбай жоғарыдағы түсін баяндаған азаматтар үшін қуанатынын айтады. Бұған себебі де жоқ емес.
«Адам баласы тамақсыз бір айға жуық уақыт өмір сүре алады. Бірақ бір де бір күн түс көрмеуі мүмкін емес. Мұндай жағдайда адам өліп кететін еді. Жоғарыда өз түсін баяндағандар үшін түстің мазмұны қандай екеніне қарамастан қуаныштымын. Себебі, түс адам жанының санасына жіберген хаты. Ал бұл адамдарда жанының кілті бар деген сөз», — дейді Қарлыға Бүйенбай.
Әрі қарай маман танымал невролог Зигмунд Фрейдтің түстерді қалай бөлгеніне тоқталып, олардың мағынасын ашуға тырысты. Психоаналитик түстерді — адамның қалауы еш бүркемесіз орындалатын, керісінше қалауы жасырынған және адамның бойына үрей дарытып, бір адам екіншісін жазалап жүргендер деп бөлген. Яғни адамның психикасы түсінде күндіз болған жақсы да жаман ситуацияларды өңдейді
«Жоғарыдағы азаматтардың түсіне қарап олардың күнделікті өмірде не нәрсеге уайымдап жүргенін анықтауға болады. Себебі, түсімізге күндіз қатты әсер еткен ситуациялар ғана кіреді. Түсті талдайтын кезде иесінің сол түстен бір немесе бірнеше күн бұрын қандай оқиғаларды бастан кешіргені маңызды. Мұнымен қатар, түстегі детальдар әр адам үшін әртүрлі мағынаны білдіруі мүмкін. Сол себептен түсті иесімен бірге отырып талдаған кезде ғана дұрыс интерпретация бере аламын», — дейді Қарлыға Бүйенбай.
Психоаналитиктің айтуынша, түсіміздегі әрбір кейіпкер – не өзіміз, не біздің сүйіктіміз, туған-туыс, таныстарымыз. Ал нақты кім екенін анықтау үшін детальдарға мән беру қажет. Ол кейіпкердің сырт-келбеті, киімі немесе мінез-құлқы, жасының ұқсастығы болуы мүмкін.
«Қай президентті алсақ та, оның арманы асқақ, мақсаттары айқын, амбициясы мықты. Бәлкім жоғарыдағы түс иелері түс көрерден бұрын күндіз көптен бері көкейінде жүрген мақсатын міндетті түрде орындаймын деп шешім қабылдаған. Екіншіден, өмірімізде осы президенттер мен танымал адамдарға ұқсайтын жандармен түсіміздегідей ситуацияға тап болған шығармыз. Мысалы, Бану ханым «Өз елімнің емес, Путинмен жақсы таныс екенмін» дейді. Мұның астарында жақын адамына, қамқоршысына деген реніш жатқан болуы мүмкін. Бірақ бұрын-соңды өзі жақсы араласпаған адаммен жақсы тіл табыса бастағаны байқалады. Ал Жанат ханымның осы түстің алдында өзі күтпеген арманы орындалған сияқты. Сондай-ақ, шынайы өмірде Путин мен өзінің рөлі ауысқан болуы да ғажап емес», — дейді психоаналитик.
Әрі қарай Қарлыға Бүйенбай Ерік мырзаның өмірде Назарбаевқа ұқсайтын жанға өз қалын сұрап келгеніне риза болғанын немесе керісінше келеді деп күткен адамынан хабар алмағаны үшін қаймыққанын айтып өтті. Себебі түстің қалауымызды керісінше етіп көрсететін қасиеті бар. Мысалы, түсімізде «Президентке оқ атып, оны өлтірсек», күндіз керісінше оның ғұмыры ұзақ болуын қалағанымыз. Әдетте өмірде жақтырмайтын адамдармен түсімізде жақсы қарым-қатынаста боламыз.
«Жанна ханымның түсіне қарап Трампқа ұқсайтын жаңа танысы пайда болған шығар деп ойлаймын. Түсінде «Көпшілік неге жақтырмайды?» деп ойлайтынмын» дейді. Бірақ осы көпшіліктің орнында өзі болуы да ғажап емес. Дәл қазір сол жаңа адаммен тіл табысу үстінде. Қалай тіл табысып жатқанын түсінің желісінен байқаймыз. Ал Айару ханымның түсіне қарап өзіне берер бағасының жоғары екені байқалады. Себебі, түсінде танымал жұлдыздармен қатар жүр. Ал жұлдыздар көбінесе нарцисс болып келеді.
Ең бастысы – сау нарцисс болу. Ол дегеніміз – өзіңді жақсы көру мен өзіңді ғана жақсы көрудің ара-жігін ажырата білу. Сондай-ақ, түсінде ер азаматтар мен әйелдер «тақырыбы» да көтерілген екен. Бір адамның бойында ер мен әйелдің болмысы қатар болады. Бастысы сол екеуінің арасында баланс ұстай білу. Түс иесі Айару ханым осы екі болмысының арасында баланс сақтай білгені үшін өзін мақтан тұтатын шығар», — деп қорытты психоаналитик Қарлыға Бүйенбай.
Маман кейде түсімізде тереңінен талдауды қажет етпейтін жағдайлар да болатынын айтты. Мысалы, адам ұйықтаған кезде бөлме іші қатты ыстық болса, ол түсінде атқылап жатқан жанартаудың ішіне түсіп кеткендей әсерде болады, дейді.
Ал Сіз, Stan.kz сайтының оқырманы, түсіңізде президенттерді жиі көресіз бе?
stan.kz