Назарбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Елбасы Қазақстан армиясы заман талабына сай қару-жарақпен жабдықталғанын, тұрақты түрде оқу-жаттығу ұйымдастырылып отыратынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлады Elbasy.kz сайты.

«Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!», — делінген құттықтауда.  

Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойғанын еске салды.

«Тәуелсіздік алған сәттен бастап біз еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарулы қақтығыстардың алдын алуға, Қарулы күштерді дамыту мәселелеріне әрдайым ерекше мән бердік», — деп атап өтті ол.

Тоқаев Мәсімов пен тағы бірқатар шенеунікке әскери және арнаулы атақ берді

Елбасының айтуынша, қуатты және қабілетті армия ­– егемен елдің маңызды атрибутының бірі. Қазақстан армиясы заман талабына сай қару-жарақпен жабдықталған. Тұрақты түрде оқу-жаттығу ұйымдастырылып отырады. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді.

«Әскерилер бейбіт заманға лайық ерлік танытып, алдына қойылған барлық міндетті абыроймен атқаруда. Қазіргі таңда олардың көбі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, пандемияға қарсы іс-шаралардың алдыңғы шебінде коронавирус індетімен күресіп жүр», — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Отан қорғаушыларды туған өлкенің тыныштығын абыроймен күзетуге үндеді.

«Жауапкершілік, әділдік пен партиотизмнің жарқын үлгісін көрсете беріңіздер», — деп жалғастырды Қазақстанның тұңғыш президенті.

­Елбасы қазақстандықтардың ортақ борышы – халқымыздың басты құндылықтары болып саналатын бірлікті, тәуелсіздік пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтау екенін жеткізді.

«Мерейлі мереке құтты болсын, ардақты отандастар! Баршаңызға зор денсаулық, күш-қайрат пен бақ-береке тілеймін!», — деп түйіндеді ол. 



sputniknews.kz