Назарбаев қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Елбасы бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала беретінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандастарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлады Елбасының сайты.

Назарбаев бұл мейрам ұлттық болмысымызды айқындайтын асыл қасиеттеріміз – достықты, сенімді және патриотизмді дәріптейтінін атап өтті.

«Мен ширек ғасыр бұрын осы мерекені белгілеу туралы шешім қабылдаған едім. Өткен жылдар ішінде біз еліміздің көпұлтты және көпконфессиялы құрылымын стратегиялық артықшылығымызға айналдыра алдық», — деді Елбасы.

Назарбаев: Біз үнемі барлық этнос өкілінің теңдігін қамтамасыз еттік 

Оның айтуынша, Қазақстан береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді және мемлекет құру ісінде зор жетістікке жетті. Ал бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала береді.

«Біз биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл – барлық этнос өкілін мемлекет құрушы ұлттың төңірегіне топтастыратын және тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал ететін бірегей институт», — деп жазды тұңғыш президент.

Назарбаев халқымыздың ырыс-ынтымағы тарих пен тағдыр сыйы ғана емес, әрқайсымыздың ерен еңбегіміз бен зор жауапкершілігіміздің нәтижесі екенін еске салды.

«Бірлік күні биыл әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елімізді де әбігерге салды. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, күш-қуатымызды одан әрі арттыра түсеміз деп сенемін. Осы жолда достық, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарын берік ұстанғанымыз абзал», — деді ол.

Елбасы сөз соңында барша қазақстандыққа мықты денсаулық пен бақ-береке, елімізге татулық пен толағай табыс тіледі. 



sputniknews.kz