Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықтың еліміздегі саяси оқиғаларға зор қызығушылық білдіргенін айтты.

«Мен тарихымыздың осы бір бетбұрысты кезеңінде қазақстандықтардың парасаттылық және береке-бірлік танытқанына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы күндері менің атыма мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, еліміздің еңбек ұжымдарынан көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшылары телефон арқылы хабарласып, қолдау білдіріп жатыр», – деді Елбасы.    

Қазақстанның Тұңғыш президенті еліміздің өсіп-өркендеуіне және орнықты дамуына бағытталған бағдардан мемлекетіміз айнымайтынына сенім білдірді.

«Біз барлық сынақтан абыроймен өтіп, табысты мемлекет құра білдік. Оны бүкіл әлем біледі әрі құрметтейді. Мен қазіргі Қазақстанның негізін қалағандықтан мемлекетіміздің болашағына және азаматтарымыздың әл-ауқатына баса мән беремін. Менің барлық іс-әрекетім және қадамым осыған арналған», – деді Назарбаев.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қазақстан халқының мүддесі үшін стратегиялық бағдарламаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үймен, жұмыспен, сапалы медициналық көмекпен және біліммен қамтамасыз етіп, мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты.

Басқосуда, сондай-ақ, премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасады.

Елбасы өңірлердегі экологиялық жағдайды тиісті бақылауда ұстау және осы саладағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу қажеттігіне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шаралар, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша үкіметке, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.



sputniknews.kz