Назарбаев Қарттар үйі жайлы: Қазақтың әжелері мен аталарын көргенде жаным ауырады
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарттар үйі мен Жетімдер үйін біріктіру тәжірибесін зерттеу керек деді. Елбасының айтуынша, бұл осы әлеуметтік топтағы азаматтардың жалғыздық сезімін төмендетуге көмектеседі.
«Қарияларға қамқорлық керек. Біз қартаямыз деп ешқашан ойламаймыз. Барлықтарыңыз қартаясыздар. Жас болған кезде алда әлі мыңдаған жыл бар деп ойлап қаламыз. Жылдам өте шығады, өзің сенбей қаласың. Әсіресе, бізде — қазақтарда ата-анасына қамқорлық жасау деген ата-бабамыздан қалған салт. Қазір ақсақалдардың үйіне барып, қазақтың үлкен әжелері мен аталары отырғанда жаным ауырады. Сонда келіп, «ақсақал, балаларың бар ма?» деп сұрайсың, олар «қайтесің, қарағым» деп ары қарап жылайды. Сонда қалай болғаны? Біз өзіміздің салтымыздан, ұлтымыздан ажырағанымыз ба? Әке-шешімізді арғы жаққа апарып тастап қалай ғана отырамыз?», — деді Назарбаев елордада өткен VІІІ Азаматтық форум барысында.
Мемлекет басшысы әр елде қарттарға қатынастың да әртүрлі екенін айтты. Мәселен, Батыс елдерінде қарттар өзі барғысы келетін үйлер бар. Себебі, олар немерелері болса да, араласатын құрдастары болмағандықтан барады екен. Сол жерде қариялар бір-бірімен араласады, ал мемлекет жағдай жасайды.
«Қазір Балалар үйі мен Қарттар үйін бір жерде ұйымдастыру туралы ұсыныс келіп түсті. Онда қариялар балаларға да қарайды. Осыны қарастыру керек», — деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгін президент Білім министрінен жетімдердің жағдайын сұрап, елімізде Жетімдер үйі болмауы керек деп айтқан болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ