Назарбаев полицейлер санын қысқартуды тапсырды

0
Назарбаев полицейлер санын қысқартуды тапсырды


Жиынды ашқан Қазақстан Президенті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жүргізу мәселелерін қатаң бақылауда ұстап отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыруды, сондай-ақ өзіне тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Құрылымдар оңтайландырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады.


Штат саны 10 пайызға қысқарады. Осы шаралар полицейлер санының 100 мың адамға шаққанда 471 полицейден келуін 424-ке дейін төмендетуге жол ашты. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай, 16 миллиард теңге үнемделмек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев үнемделген қаражатты қызметкерлердің еңбекақысы мен әлеуметтік қамту жүйесін жақсартуға жұмсауды тапсырды. Елбасы қосымша ішкі резервтерді іздеу және тиімсіз әкімшілік шығындарды болдырмау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін де айтты.

– Полицейлердің жалақысын арттыруға қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінетін болады. Мұның бәрі – халықтың ақшасы. Полицияны, армияны және соттарды салық төлеушілердің қаражаты есебінен ұстап отырмыз. Сондықтан, азаматтарымыз құқық қорғау органдарының өз міндетін мінсіз атқаруын талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейін мейлінше төмендету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

– Адамдар өз болашағына алаңдамауға, қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қорғалатынына сенімді болуға тиіс. Азаматтардың жеке басы мен мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Полиция жұмысы тиімділігінің негізгі критерийінің мәні осында, – деді Мемлекет басшысы.

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз