Назарбаев пен Байбек партияішілік сайлауға дайындықты талқылады

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

«Nur Otan» партиясының мүшелері арасындағы іріктеу екінші жартыжылдықта өтеді деп жоспарланып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды elbasy.kz.

Кездесу барысында Байбек Елбасына өңірлерге жасаған жұмыс сапарларының нәтижелері, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен партияішілік сайлау – праймеризге дайындық туралы баяндады.

«Қазіргі таңда 10 мың партия мүшесінен құралған кадрлық резерв жасақталды. Праймериз ережелері әйелдер мен жастарға арналған квоталарды ескере отырып бекітілді. Партия өз мүшелері арасындағы іріктеуді екінші жартыжылдыққа жоспарлап отыр», — деді Байбек.

Сонымен қатар, кездесуде «Birgemiz» қорының қазіргі қызметі туралы да айтылды.

«Birgemiz» қорының қаражаты есебінен 360 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден таратылып, 240 мың отбасыға азық-түлік жеткізілген. Бұдан бөлек елорданың және Алматы қаласының медициналық мекемелерінде жұмыс істейтін 2100-ден астам қызметкерге біржолғы төлем жасалды.

Сондай-ақ «Birgemiz» қорынан Мақтаарал ауданы Достық ауылының тұрғындарына баспана салу үшін 340 миллион теңге бөлінді. Партия белсенділері мен еріктілері бір мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарына жіберді.

Тағы оқыңыз: Назарбаев облыс әкімдерімен не жайлы сөйлескені белгілі болды

Осы орайда Назарбаев «Birgemiz» қоры арқылы шағын қалалар мен ауылдардағы мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды.

«Төтенше жағдай кезінде «Jas Otan» бүкіл ел бойынша бес мыңнан астам еріктіні жұмылдырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж адамдарға көмек жеткізді. Нағыз патриоттардың, жауапкершілігі мол жас көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасқаны қуантады. Олардың ең белсенділеріне арналған алғыс хаттарға қол қойдым», — деді Елбасы.

Тұңғыш президенттің айтуынша, қоғамдық қабылдауларға келіп түскен хаттардың саны жеті есе ұлғайып, шешілген мәселелер артып келеді.

«Бұл халықтың партияға деген сенімінің көрінісі», — деп санайды ол.

Назарбаев осы жұмысты күшейтуді тапсырды.



sputniknews.kz