Назарбаев Нұрлан Нығматулинді мақтады

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Назарбаев Нығматулинге партияның төменгі палатадағы фракциясын басқаруды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының мәжілістегі фракциясының жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Назарбаев Nur Otan партиясы әлі күнге дейін ескі жүйемен жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Айтуынша, нұротандықтар фракцияның әлеуетін тиісті деңгейде бағалай алмай отыр.

«Партияның мәжілістегі фракциясының жұмысын күшейту қажет. Бұл, негізінен, партиялық міндеттерді жүзеге асыру және атқарушы органдарға ықпал ету тетігі. Бұл бағытта жұмыс нашар жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын, әрине. Бізде «фракция» қалжың сөз сияқты. Әлі күнге дейін фракцияның мықты күш екенін түсіне алмай келе жатырмыз», — деді Елбасы партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Ол мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге партияның төменгі палатадағы фракциясын басқаруды ұсынды.

«Фракция әрдайым жұмыс істей білуі тиіс. Сонда ғана беделі артады. Исимбаева бастаған (Гүлмира Исимбаева – Nur Otan партиясының мәжілістегі фракциясының басшысы, саяси кеңес мүшесі – Sputnik) фракция жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Десе де, мен басқа елдердегі тәртіпті ескеріп, мәжілістегі фракцияның басшылығына мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынамын. Егер ол қарсы болмаса, әрине. Ол партияның жұмысын күшейтетініне сенімдімін. Мәжіліс спикері ретінде фракцияның жұмысын үйлестіре алады», — деді Назарбаев.

Елбасы жүйелі проблемаларды шешу үшін фракция орталық және жергілікті жерлерде бюджет ақшасының жұмсалуын қатаң бақылау туралы заңнамалық бастаманы жүзеге асыруы тиіс екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Тоқаевпен не жөнінде келіскенін айтты

Бұдан бөлек, Назарбаев партияның өңірлердегі филиалын басқаратын әкімдердің жұмысын сынады.

«Маған «әкім мен фракция төрағасы бір адам болған кезде, тәртіп болмайды» деп айтып жатыр. Екеуін екі бөлек адам басқару керек дейді. Мен қазақтың жағдайын білемін ғой. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Облыстарда сосын төбелес басталады. Ал егер олай жасамайық десек, әкімдер, неге жұмыс істемейсіңдер? Партия өз алдына, менің жұмысым мына жақта өз алдына. Егер сондай болатын болса, партияның төрағасы емеспін деп шығып кет, орныңды басқа адамға бер», — деп ашуланды партия төрағасы.

Назарбаев облыс әкімдерін партияның жұмысына көңіл бөлуге тапсырды.

«Партияның жұмысына апта сайын, ай сайын көңіл бөліп, беделін көтеріп отыруларың керек. Сендерді сайлаған солар», — деді ол.



sputniknews.kz