Назарбаев Конституциялық заңға түзетулер енгізді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

388 0 0

Түзетулер мен толықтырулар сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған

АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Бейсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына түзетулер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы сот жүйесін, оның ішінде Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесінің қызметін жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын бекіткен.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қараша айының соңында президент судьялар туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді мәжіліске ұсынған еді.

19 қарашада сот жүйесін жаңғырту туралы жиналыс кезінде Назарбаев мәлімдегендей, сотқа деген сенім мемлекетке деген сеніммен тең. Ол сот жүктемесін төмендетіп, азаматтық процесті жеңілдетіп, сот өндірісінің айқындығын арттыруға тапсырма берді.

«Біздің түпкі мақсатымыз – тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі», — деді Назарбаев жиналыста.

Кейінірек, Конституциялық заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасы мәжіліске ұсынылған соң, мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа бойынша комитетінің басшысы Нұрлан Әбдіров осы орайда пікір білдірді.

«Заң жобасы аудандық соттардың жүктемесін теңестіру және сот төрелігінің Конституциялық тәуелсіздігін кепілдендіру мақсатындағы бірқатар өзгертулерді қарастырады», — деді мәжіліс депутаты.



sputniknews.kz