Назарбаев Конституциялық кеңеске өтініш жасады
Қысқа сілтеме алу
Конституциялық кеңес мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтатуға қатысты Конституция бабының тармағына ресми түсіндірме беруі тиіс
АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Конституциялық кеңес президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өтінішін қабылдады. Конституцияның 42-бабы 3-тармағына ресми түсіндірме берілуі тиіс, деп хабарланды кеңес сайтында.
«2019 жылдың 4 ақпанында республиканың Конституциялық кеңесі Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабы 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады», — делінген хабарламада.
Қазір «Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі туралы» заңына сәйкес аталған өтінішті Конституциялық кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Конституцияның 42-бабы туралы
Конституцияның 42-бабы мемлекет басшысының өкілеттіктерін тоқтату шарттарына қатысты.
«Республика президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады», — делінген үшінші тармақта.
Сондай-ақ, дәл осы бапта республиканың бұрынғы президенттерінің бәрінің, қызметінен кетірілгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-президенті деген атағы болатыны көрсетілген.
Конституциялық кеңес деген не
Конституциялық кеңес бүкіл ел аумағында мемлекеттің негізгі заңы ретінде Қазақстан Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді. 1995 жылғы Конституция негізінде Конституциялық кеңес 1996 жылдың ақпанында құрылды.
Өмір бойғы мәртебе: Елбасы Конституциялық кеңеске өтініш жасады
Конституциялық кеңес өкілеттіктерінің бірі – президент, парламент депутаттарын сайлау мен республикалық референдум өткізудің дұрыстығына қатысты дау туындағанда шешім қабылдау.
Назарбаевтың өкілеттік мерзімі қашан аяқталады
2020 жылы сәуірде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімі аяқталады. Конституция бойынша Қазақстанның тұңғыш президентіне мемлекет басшысы лауазымына сайлауға түсуіне шектеу қойылмайды.
Былтыр жазда сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев енді президент сайлауына қатыспауы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Кейінірек ол «ішкі және сыртқы саясат бойынша» соңғы сөзді Назарбаев айтатынын атап өтті.
Тоқаев: Назарбаев келесі президент сайлауына қатысатынына сенбеймін
Дереккөз: https://sputniknews.kz/