Назарбаев кеше Путинмен не жайлы сөйлескені белгілі болды
Қысқа сілтеме алу
Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездесуін ұйымдастыру қажет
НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті қалай шешіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елбасы Ресей мен Украинаның қазіргі жағдайға тап болғанына өкініш білдірді.
«Негізі, бұл жақын елдер ғой. Бірақ «болар іс болды, бояуы сіңді» дейді. Осы мәселеге сыртқы күштер де, ішкі күштер де араласты. Бүгінде Ресей мен Украинаның арасы қатты ашылып кетті. Мен өзім Украинаны жақсы білемін, Ресейді одан да жақсы білемін», — деді ол «Astana club-тың» пленарлық мәжілісінде.
Назарбаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, күні кеше ғана Владимир Путинмен сөйлескенін атап өтті.
«Осы проблеманы шешу жолдарын талқыладық. Иә, бүгінде екі елдің арасы ашылып кетті. Меніңше, Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездесуін ұйымдастыру қажет. Мен сондай «тет-а-тет» кездесуін өткізуді талқыладым. Зеленский өз келісімін берді. Оны Путинге айттым. Енді, көреміз, бейтарап аймақ керек болса, ол кездесуді Қазақстанда өткізуге болады», — деп толықтырды Елбасы.
Тағы оқыңыз: «Дағдарыс болуы мүмкін». Назарбаев неге алаңдап жүргенін айтты
Оның ойынша, Зеленскийдің қатысуымен Украина мәселесін шешуге болады. Себебі осы елдің жаңа президентін халықтың басым бөлігі қолдап отыр. Раданың құрамында да қолдаушылары көп. Сондықтан Ресей мен Украина арасындағы жаңа келісімдерді сәтті іске асыруға болады.
sputniknews.kz