Назарбаев кеңсесін құруға 1 млрд теңге жұмсау ұсынысын мәжіліс мақұлдады

0

9 сәуірде Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар үш жылдық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады.

4 сәуірде сенат 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына жалақыны шілдеден емес, 1 маусымнан бастап өсіру, астана атауын өзгерту мен Назарбаев кеңсесін құру шығындарын қосу үшін мәжіліске қайтарып жіберген.

Мәжіліс отырысында сенат ұсыныстарын таныстырған қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Серік Құсайыновтың сөзінше, осы үш бағытқа бюджеттен қосымша 38 миллиард теңге жұмсалады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, заң жобасына сенат енгізген толықтырулар талқыланбастан, бір ауыздан мақұлданған.

Бұған дейін, 2 сәуірде Қазақстанның қаржы министрі Татьяна Савельева 38 миллард теңгенің 1 миллиард теңгесі «ендігі тіркеліп қойған жаңа мемлекеттік органды — елбасы кеңсесін құруға жіберіледі» деген.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылдай билеп, биыл наурызда қызметінен кетті.

«Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заң бойынша, Назарбаевты қызметтік кеңсе, пәтер, тұрақты күзет және байланыстың барлық түрімен жабдықтау қарастырылған.

Назарбаевқа бюджеттен президент айлығының 80 пайызына тең көлемде ай сайын зейнетақы қарастырылған, Назарбаевтың өмірі мен денсаулығына байланысты президенттің жылдық жалақысына тең міндетті мемлекеттік сақтандыру тағайындалған.

Видео: Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша мәртебесі

Azattyq