Назарбаев Индонезия президентіне көңіл айтты — Ел жаңалықтары

0

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Индонезияның Зонд бұғазы жағалауындағы цунами салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Қаза болғандардың туған-туысқандарына және бүкіл Индонезия халқына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтастығымды білдіремін. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін», — делінген жеделхатта.

22 желтоқсанда Индонезияның батысындағы Зонд бұғазының жағажайын цунами шайды. Ол Анак-Кракатау аралында жанартау атқылауының салдарынан болған.

Соңғы мәліметтер бойынша, апат салдарынан 222 адам қайтыс болған. 843 адам зардап шеккен және 28 тұрғын із-түссіз жоғалған. Толқын жүздеген үй, ғимарат, көлік жолдары мен инфрақұрылымдарды қиратты.


Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz