Назарбаев ел басшылығы «Астана» қаржы орталығын толық қолдайтынын айтты
Нұрсұлтан Назарбаевқа «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұралары және АХҚО құқықтық жүйесін дамыту бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат ұсынылды
НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығында болды.
Нұрсұлтан Назарбаевқа «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұралары және АХҚО құқықтық жүйесін дамыту бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат ұсынылды, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.
Сонымен қатар, Елбасына АХҚО Соты, Ағылшын құқығы академиясы, Халықаралық төрелік орталығы және АХҚО ахуалдық орталығының қызметі туралы мәлімет берілді.
©
Photo : Официальный сайт Первого президента Казахстана
Қазақстанның тұңғыш президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығында болды
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш президенті қаржы орталығы биржасының негізгі акционерлері және қатысушыларымен кездесті.
Спикерлердің баяндамасын тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев ел басшылығының АХҚО қызметін толық қолдайтындығын атап өтті.
»Жекешелендіру жоспарын АХҚО биржасы арқылы іске асыруды жалғастыру қажет. Әрине, әлемдік нарық ахуалын ескерген жөн. Сонымен қатар, әлемнің халықаралық қаржы орталықтарының АХҚО-ға деген сенімін күшейту керек. Ұлттық экономикаға тартылатын қаржы ресурстарының мөлшері осыған байланысты», - деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш президенті экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етудің және елдің стратегиялық даму жоспарларына қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Алда орталықты ауқымды жұмыс күтіп тұр. Барлық серіктестермен қалыптасқан іс-қимылды жалғастыру маңызды. Мен АХҚО жұмысын ұдайы қолдайтын боламын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
sputniknews.kz