Назарбаев екі ел арасындағы достық туралы айтты

0
Саясат

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Мемлекет басшысы бүгін елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, бүгінгі салтанатты рәсімнің Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық және өңірлік қақтығыстарды реттеу жөніндегі қызметіне ерекше тоқталып, соның бір айғағы ретінде Сирияда бейбітшілік орнатуға бағытталған «Астана процесін» атап өтті.

«Әлемде әскери қақтығыс ошақтары көбейіп, санкциялық текетірес пен сауда соғысы өршіп тұрған жағдайда өзара сенім орнықпаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің Қырғыз Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастық пен достық қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті екеніне тоқталып, бұл ел Орталық Азиядағы маңызды әріптесіміз ғана емес, сондай-ақ тарихи тамырымыз ортақ бауырлас мемлекет болып саналатынын айтты.

«Біз Қырғызстанмен достыққа және өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша мән береміз. Үкіметтеріміздің осы бағыттағы тиімді жұмысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жаңа белестерге көтереді деп сенемін», – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Армениямен саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық өзара сенім мен сыйластық рухында дамып келе жатқанын айтып, Астана мен Ереванның Еуразия экономикалық одағы аясындағы байланыстарының перспективасына тоқталды.

«Соңғы жылдары өзара тауар айналымының көлемі артып келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 68,4 пайызға жетті. Сонымен қатар, елдеріміздің сауда-экономика саласындағы әлеуетін толық пайдаланған жөн», – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының өңірдегі Қазақстанның маңызды серіктесі саналатынын айтып, Тегеранмен көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар өндіру және металлургия салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды.

«Ақтауда қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келісімнің сақталуын және оның әрі қарай тиімді жүзеге асырылуын құптаймыз», – деді президент.

Мемлекет басшысы еліміздің Ауғанстанмен қарым-қатынасы достық пен өзара түсіністік рухында ілгерілеп келе жатқанына тоқталып, Қазақстан бұл елдегі жағдайды тұрақтандыруға, оны әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде Ауғанстан мәселелерін шешуге атсалысып келеміз. Кабулға жыл сайын қаржылай, техникалық және гуманитарлық көмек көрсетілуде. Ауған жастарына арналған білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, біз Кабулға азық-түлік тауарларын жеткізетін негізгі елдердің бірі болуға әзірміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің Литвамен ықпалдастығының бүгінгі деңгейін жоғары бағалап, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Астана мен Вильнюс арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы екі жақты байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/