Назарбаев ЕАЭО-ның құрметті төрағасы болуы мүмкін
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) құрметті төрағасы болуы мүмкін. Бұл ақпаратты құпия дереккөзіне сүйенген ресейлік «Коммерсант» басылымы хабарлады.
Басылымның жазуынша, мұндай қызмет бұрын-соңды болмаған, одақ құру идеясының авторы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев үшін әдейі құрылып, тапсырылмақ. Әзірге жаңа қызметтің өкілеті де анықталмаған.
ЕАЭО-ға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения мүше.
Мамырдың 29-ы күні Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда ЕАЭО саммиті өтеді. Онда одаққа мүше ел басшылары одақтың құрылғанына бес жыл толуын атап өтпек.
Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан. Бірақ ол қазір өкілеті күшейген Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының жетекшісі. Сәуірдің 3-і күні ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін «Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін» де хабарлады. Сарапшылар Назарбаевтың президенттіктен кеткенмен биліктен кетпегенін, саясатта ықпалын сақтап қалғанын айтады.
Құқық қорғаушылар, сыншылар Назарбаевты азаматтардың пікір айту құқығын шектеді, «өзгеше ойлайтындарды» қудалады, демократияға қайшы әдіспенен өкілетін ұзартты деп сынаған. Ал билік бұл сынмен келіспеген. Олар елде адам құқығы сақталып отырғанын, демократиялық институттардың дамып келе жатқанын жиі алға тартқан.
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы 2018 жылы Қазақстанды әлемде сөз бостандығы қатты шектелетін елдер қатарына енгізіп, 180 мемлекеттің арасынан 158-орынға қойған.