Назарбаев беретін 50 мың теңгені кімдер алатыны белгілі болды

0

Бұған дейін қор есебінен 550 мыңнан астам мұқтаж азамат 50 мың теңгеден алған. Сондай-ақ, пандемиямен күресте елорда мен Алматы қаласының 2 112 медицина қызметкеріне бір реттік төлем жасалды

«Birgemiz» қоры 100 мың отбасыға бір реттік материалдық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Соны жүзеге асыру үшін Елбасы тапсырмасымен 5 миллиард теңге Нұрсұлтан Назарбаев қорынан «Birgemiz» қорына аударылды. Сол арқылы 100 мың отбасыға 50 мың теңге көлемінде қаражат беріледі.

«Birgemiz» қорының төрағасы Руслан Сакеевтің айтуынша, көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасы, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетімдер және асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер немесе соған теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар.

«Көмек алушылардың тізімін бұрынғыдай әкімдіктер ұсынады. Бұл ретте біз бұрын көмек көрсетілмеген азаматтардың алуын қадағалаймыз», – деді қор төрағасы.

Айтуынша, бір реттік көмек жақын күндері беріледі.

Айта кетейік, «Birgemiz» қоры 2020 жылдың наурызында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықты қолдау үшін құрылды. Бұған дейін қор есебінен 550 мыңнан астам мұқтаж азамат 50 мың теңгеден алды. Пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған елорда мен Алматы қаласының 2 112 медицина қызметкеріне бір реттік төлем жасалды.