НАЗАРБАЕВ ӘУЕЖАЙЫ: ЖОЛАУШЫ ТРАНЗИТІ КӨБЕЙДІ
Елімізде әуе қатынасы транзиті жақсарып келеді. Астана мен Алматы арқылы барлық бағыттарда әуе сапарлары жиілей түскені – осының айғағы. Қазақстан әуежайларының транзиттік терминалға айналғаны көңіл қуантады. Біз бүгін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы технологиялармен жабдықталып, жаңғыртылған Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы туралы айтамыз.
Тарихы 1931 жылы кішігірім ұшақтарға қызмет көрсету үшін ашылған әуежайдан басталатын нысан бүгіндері Еуразиядағы ең заманауи әуежайлардың біріне айналды. Үкіметтің № 381-20.06.2017 қаулысына сәйкес, Астана халықаралық әуежайы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталды.
Халықаралық әуежайдың басқарма төрағасы Рәділбек Әдимолданың айтуынша, жыл сайын астаналықтар мен қала қонақтарының көбейіп келе жатыр екен.
«Әуежайдағы бұрынғы терминалдың өткізу қуаты 3,6 млн жолаушыға арналған болатын. Бұл жолаушы тасқынын игеруге толық мүмкіндік бермейтін. Сондықтан елордада «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа терминал құрылысы қолға алынды. 2017 жылдың
31 мамырында Мемлекет басшысы Астана әуежайының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр болатын жаңа терминалды пайдалануға беру салтанатына қатысты. Содан бері әуежайдың ескі ғимаратынан ішкі рейстер ұшырылып, жаңа терминал xалықаралық рейстерге қызмет көрсетіп келеді», – дейді Рәділбек Өкенұлы.
Оның айтуынша, EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрме қарсаңында салынған халықаралық T1 терминалының ауданы – 47 мың шаршы метр. Құны – 60 млрд теңге. Құрылыс барысында жаңа терминалдың құрылысы, перрон мен станция алаңын қалпына келтіру, 5 деңгейлі терминал, 6 телескопиялық баспалдақ, 8 жер серігі, 3 көпір, 27 лифт және 36 эскалатор жұмыстары жасалды. Жаңа терминалда Қазақстандағы заманауи багаж тасымалдау жүйесі орнатылды. Ол ЕО – 2020 стандарттарына сәйкес келеді және сағатына 1200 дана багажды басқара алады. Жүктерді өткізу жүйесінің басты ерекшелігі – қауіпті жүктер автоматты түрде бірден басқа жолақпен кетеді де, қауіпсіз аймаққа шығарылады.
Терминалда 50 паспорттық бақылау кабинасы, 26 тіркеу орны және 4 өзін-өзі тіркеу терминалы, 812 автокөлікке арналған тұрағы бар станса алаңы тұрғызылған. Ақылы автотұрақ автоматтандырылған (KAPS). Жаңа терминал транзиттік жолаушылар қозғалысын арттырды. T1 терминалында ECAC Standard-3 талабына сай нақты уақыт режиміндегі томография технологиясын қолдануға арналған жаңа багажды скрининг жүйесі бар. Бұл – жүк тиеу жылдамдығы 1800 бірлікке жететін кластық жабдық жүйесінде ең өнімдісі. Соңғы технологиямен жабдықталған терминалда жолаушылар қауіпсіздігі мен олардың жайлы сапар шегуі үшін барлық жағдай жасалған.
«Жаңа терминал әуежайдың қуатын арттыру үшін салынды. Ескі T2 терминалының сыйымдылығы жылына 3 млн жолаушы болса, халықаралық рейстердің жаңа терминалы жылына 5,2 млн жолаушыны құрады. Қазіргі уақытта әуежайдың өткізу қабілеті жылына 8,2 миллион жолаушыға жетті. EXPO – 2017 көрмесінде жолаушылар ағыны 25 пайызға артып, 1,5 миллион жолаушыны құрады. Сонымен қатар біз халықаралық бағыттардың 50 пайызға, ішкі рейстердің
30 пайызға артқанын байқадық. 2017 жылы Варшава, Хельсинки, Батуми, Ереван, Дели, Будапешт, Бейжің, Стамбұл (аптасына +21 халықаралық рейс) секілді шетелдік және отандық компаниялардың әуе бағыттары ашылды», – дейді әуежай басшысы.
Қолдағы дерекке сүйенсек, көктемгі-жазғы навигацияда астаналық әуежай күніне 17 мың жолаушыны, ал күзгі-қысқы навигацияда 12 мыңға жуық адамды қабылдай алады. 2017 жылы жолаушы тасымалы 4,2 млн жолаушыны құраған, биыл Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр екен.
«Әуежайдың алдағы жоспарына келсек, алда дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Әуекомпаниялармен бірлесіп жасаған жоспарлар негізінде транзиттік жолаушылардың қозғалысын арттыруға күш саламыз. Алдағы уақытта әуе айлағын кеңейтеміз. Қазіргі кезде қосымша жасанды ұшу-қону жолағының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Оның құрылысы 2-3 жылға жоспарланып отыр. Әрине, бұл әуежайдың мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді», – дейді Рәділбек Әдимолда.
Абылайхан ЖҰМАШ