Home›Жаңалықтар›Назарбаев әй, демократ, демократияңды үйіңде жасай бер, бізде нең бар деп айтқан – Асқар Ақаев
Назарбаев әй, демократ, демократияңды үйіңде жасай бер, бізде нең бар деп айтқан – Асқар Ақаев
25 Маусым, 2022, 18:06
0
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев 2005 жылы биліктен кетуге мәжбүр болғанын билікті сынайтын тәуелсіз газеттердің пайда болғанымен байланыстырды. Оның сөзінше, Қырғызстандағы сөз еркіндігі, тіпті Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің де қытығына тиген.
Немістің DW басылымына берген сұқбатында Ақаев «әлдебір сыртқы күштер Грузиядағы «қызғалдақтар революциясы» мен Украинадағы «сарғылт революциядан» кейін Өзбекстанда төңкеріс ұйымдастырмақ болғанын, алайда Өзбекстаннан ештеңе шығара алмаған соң Қырғызстанға көз тіккенін» айтады.
«Қырғызстан ең әлсіз ел боп шықты, өйткені бізде еркін баспасөз бар еді. Freedom House ұйымына БАҚ-қа арналған типография ашуға рұқсат беріп, ең үлкен қателік жасадым. Оларға барынша еркіндік бердім, соның арқасында бүкіл тәуелсіз газеттерді басып шығара бастады. Біз туралы, менің отбасым жайлы қисынға келмейтін небір өтіріктер жазатын газеттерді миллиондаған тиражбен тегін шығарды», — деп еске алады бұрынғы президент.
Оның сөзінше, бұл типографияның жұмысы көрші елдердің президенттерінің де қытығына тиген, мысалы Қазақстан мен Өзбекстанда тыйым салынған оппозициялық басылымдар Қырғызстанда басылып, аталған елдерге тараған.
«Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы [Назарбаев] телефон соғып: «Әй, демократ, демократияңды үйіңде жасай бер, бізде нең бар? Сенің типографияларыңда шыққан газеттер мені сынап жатыр!» деді. Ислам Әбдуғаниұлы да [Кәрімов] сөйтіп айтты. Міне, менің қателігім осы болды, әйтпесе экономикамыздың тасы өрге домалап тұрған болатын», — дейді Ақаев.
Ақаев 1991-2005 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болған. 2005 жылы 24 наурызда «қызғалдақ революциясы» кезінде отставкаға кетіп, Мәскеуден саяси баспана алған.
Ол кездегі наразылыққа Қырғызстан парламентінің сайлауы түрткі болған еді. Асқар Ақаевтың ұлы — Айдар Ақаев 27 ақпанда, бірінші турда жеңіске жеткен. Оның әпкесі Бермет Ақаева – 13 наурызда, екінші турдан кейін депутат болған. Бұл жайттар Қырғызстанды 15 жылдан бері басқарып келе жатқан Асқар Ақаевқа наразылықты күшейте түскен. Бермет Ақаеваның шетелдегі байлығы мен Айдар Ақаевтың қырғыз бизнесіне жасаған қысымы жағдайды одан әрі ушықтыра түскен.
4 наурыздан бастап жергілікті билік оппозиция қолына өте бастады. 24 наурызда Бішкекте бірнеше саяси күш бірге митингі өткізіп, соның нәтижесінде Асқар Ақаев отбасын алып Мәскеуге қашқан.
2021 жылы Асқар Ақаев Қырғызстанға екі рет келіп, құқық қорғау органдарының «Құмтөр ісі» бойынша сұрақтарына жауап берген.
1991-2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды басқарған кезде оппозициялық басылымдар еркіндігі шектелді. 1991 жылы сайланып, 2016 жылы кенеттен өлгенге дейін президент болған Ислам Кәрімов Өзбекстанда бұқаралық ақпарат құралдарын қуғындайтын авторитарлық саяси режим орнатты.