Назарбаев АХҚО Биржасының алғашқы саудасын іске қосты — новости Казахстана
Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасының алғашқы саудасын іске қосты деп хабарлайды NUR.KZ.
Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының Биржасында «Қазатомөнеркəсіп» компаниясының акциялары саудаға шығарылды. Президент аталмыш оқиғаның Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті.
«Осы оқиғаның ұлттық валютамыз теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отырғандығының маңызы бар. Ұлттық теңгемізді айналымға енгізгелі бері, талай қиындықтарды бастан өткердік. Алайда соған қарамастан Қазақстан экономикасы дамып, халықтың əл-ауқаты артты», — деді Назарбаев.
Елбасы «ЭКСПО 2017» көрмесінен кейін бой көтерген «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызына да тоқтала кетті.
«Халықаралық қауымдастық біздің бастамамызды қолдады. ЭКСПО орнына халықаралық қаржы орталығын салу бастамасына бастапқыда күмəн болғанымен, көргендеріңіздей, бүгінде ол күмəн сейілді.
Біз Лондон, Гонконг сияқты хадықаралық орталықтардың тəжірибесін зерттедік. Нəтижесінде Дубай қаржы орталығының үлгісін алдық.
Орталық ағылшын құқықтары негізінде жұмыс жасайды. Біз 1995-1999 жылдары жекешелендірудің алғашқы легін ұйымдастырдық. Бүгін осы істі жалғастырмақпыз», — деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, президент алдағы уақытта «Қазмұнайгаз», «Air Астана» компаниялары акцияларының саудаға шығатынын мəлімдеді.
«АХҚО алдағы уақытта Азиядағы жетекші халықаралық қаржы орталығы болатынына сенімдімін.
Орталық Азия елдері орталық қызметтерін толығымен пайдалана алады. Ол қазірдің өзінде Астанаға жаңа мəртебе беріп отыр. Ол қаржылық орталық мəртебесі», — деді президент.